Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналардың компоненттерін адамдарға қолдануға тыйым салынған»
Telegram мессенджерінде Pfizer/BioNTech вакцинасын жасау кезінде қолданылатын липидті нанобөлшектер тек зерттеуге арналған және адамдарға вакцинация жасау үшін бұл компоненттерді қолдануға тыйым салынады деген видео таратылуда. Бұл олай емес. Неге екенін түсіндірейік.
ALC-0315 және ALC-0159 липидті нанобөлшектері Pfizer/BioNTech компаниялары шығарған COVID-19 қарсы Comirnaty вакцинасын жасау кезінде қолданылды. Олар матрицалық РНҚ-ны жасушаларға тасымалдау үшін қажет. Өз кезегінде, матрицалық РНҚ немесе мРНҚ денені аурудан қорғайтын антиденелер қалыптастыру үшін керек SARS-CoV-2 коронавирусының S-ақуызын кодтайтын генді тасымалдайды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда Comirnaty вакцинасы мақұлданды. Онымен 12 жастан асқан жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер егіледі.
Оның құрамына адамдарға қолдануға тыйым салынған заттар кіреді деген теория – фейк. Бұл вакцинаның құрамы құпия емес және қолдану, сақтау, тасымалдау, мөлшерлеу бойынша ұсыныстар, сондай-ақ жаппай егу науқаны басталғаннан кейін вакцинацияланған адамдарды клиникалық сынау және бақылау кезінде расталған ықтимал жанама әсерлердің тізімі сияқты баршаға қол жетімді.
Липидті нанобөлшектер және оларды фармацевтикада қолдану COVID-19 пандемиясына дейін зерттелген. Ғалымдар мұндай компоненттер адам денсаулығына зиян тигізбейді деген қорытындыға келген.
Қазіргі Comirnaty вакцинасы барлық қажетті сынақтар мен сараптамалардан өтті. Атап айтқанда, Желіде Еуропалық медициналық агенттіктің мамандары әзірлеген препаратты бағалау туралы есепті табуға болады. 140 беттік құжатта липидті нанобөлшектерді пайдалануға ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, ALC-0315 және ALC-0159 бөлшектері бұған дейін мақұлданған және қолдануға рұқсат етілген дәрі-дәрмекті жасау кезінде қолданылғаны айтылған.
Ұлыбританияның дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды бақылау агенттігі дайындаған Pfizer/BioNTech вакцинасын бағалау туралы қоғамдық есепте липидті нанобөлшектер туралы да жазылған. Алайда мамандар олардың қауіпсіздігіне қатысты ешқандай алаңдаушылық білдірмейді.
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Comirnaty вакцинасын елімізде мақұлдамас бұрын оның сапасын отандық сарапшылар бағалағанын хабарлаған болатын.
– «Елге әкелінетін барлық вакциналар (әрбір серия, партия) қауіпсіздік пен сапаны бағалаудан (бұдан әрі – ҚСБ) өтеді, бұл да тиімді және қауіпсіз вакциналарды пайдалануға жіберуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, вакциналарды өндіруші ҚСБ рәсімінен өткен кезде өндіруші зауыттың сапа сертификатымен бірге сол елдің уәкілетті органы аккредиттеген өндіруші елдің зертханасы берген серияның сапа сертификатының көшірмесі ұсынылады. Осылайша, өндіруші зауыт сапалы, ең бастысы тексеруден өткен вакциналарды жеткізуге кепілдік береді», – деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Сондай-ақ, Comirnaty вакцинасының қауіпсіздігін оны зертханалық жағдайда зерттеген мамандар ғана емес, сонымен қатар клиникалық зерттеулер де растағанын атап өткеніміз жөн. Жалпы, препарат 23 елде 49 сынақтан өтті. Оның ішінде бірінші кезеңде 9 зерттеу, екінші кезеңде – 28, үшінші кезеңде – 12 зерттеу жүргізілді. Олар АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Сингапур, Канада, Швейцария, Бельгия және басқа елдерде өтті. Бұл вакцинаны әлемнің 118 елінде қолдануға рұқсат етілген, яғни әр мемлекеттің үкіметі оның сапасын бағалап, препарат құрамының толық тізімімен танысты.
Демек, Pfizer/BioNTech шығарған вакцинаның қауіпсіздігі дәлелденді және оның құрамына кіретін бөлшектер зерттеліп, адамдарда қолдануға рұқсат етілген.