«Кибершабуыл болған жоқ, клиенттердің ақшасы сақтаулы», — Kaspi Bank
Бүгін таңертең Kaspi Bank жүйедегі ақаулар туралы хабарлады. Клиенттер шоттарын қолдана алмай отырғандарына шағымданған.
«Сервис уақытша қолжетімсіз. Мәселені шешуге уәде беруде. Кейбірінің шотынан ақша жоғалған, кейбіріне артық ақша қосылған. Сағат 10:00-ге қарай бәрі түзеледі дейді», – деген хабарламалар Facebook-те шығып жатыр.
Kaspi Bank баспасөз қызметі жүйеде техникалық ақау орын алғанын хабарлады:«Орын алған ақаудың салдарынан қосымшада клиенттердің шоттарындағы қаражат дұрыс көрсетілмей тұр. Өкінішке орай, картамен төлеу, банкоматтардан ақша алу және толықтыру, төлемдер мен аударымдар жасау уақытша қолжетімсіз. Компания бәрін мүмкіндігінше тез арада түзетуге тырысады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бұл кибершабуыл деген жалған хабарламалар таратылуда. Ешқандай кибершабуыл болған жоқ, клиенттердің ақшасы сақталып, ақау жойылған соң қосымшада барлық ақпарат дұрыс көрсетілетін болады».