Қорғаныс маскаларын тағу мен ыңғайсыздықты болдырмау жолдары: пульмонолог кеңестері
Қазақстандық пабликтердің біріне жазылушылар бетперде тағу тыныс алуды қиындатады, соның салдарынан бас ауырып, айналады деп жазған. Кейбіреулер тіпті естен тануға жақын боламыз деген. Қорғаныс маскасы осындай белгілердің себебі бола ала ма және ыңғайсыздықты болдырмас үшін қорғаныс құралын қалай қолдану керек? Бұл туралы Stopfake.kz оқырмандарымен Қарағанды медицина университетінің ішкі аурулар кафедрасының профессоры, Жоғары санатты пульмонолог Ләзат Ибраева өз ойымен бөлісті.
Қазақстандық пабликтегі жарияланымның астында жазылушылар бетперде тағу мен қолғап киюдің нәтижесінде қандай «жағымсыз салдар» туындағаны туралы айтады. Олар көбінесе тыныс алудың қиындайтынына шағымданған.
«Бетперде таққан кезде жағдайым нашарлайды, көзім қарауытып, басым айналады». «Маска кигеннен кейін қан қысымы көтеріледі! Жүректе бұрын болмаған ауырсыну пайда болды». «Мен маскамен жүре алмаймын, мұрным бірден бітеліп, қатты дем аламын. Автобусқа отырмаймын, жаяу жүремін. Дүкенге кіргенде маска тағамын, бірақ ұзақ жүре алмаймын, тұншығамын». «Оттегі жетіспеушілігі, содан шаршау, ұмытшақтық пайда болды».
Маскалар қандағы оттегінің деңгейіне әсер ететіні туралы мифті дәрігерлер бірнеше рет жоққа шығарған болатын. Stopfake.kz қазан айының басында маска тағудың неге оттегі жетіспеушілігіне әкелмейтіні туралы жазған.
Жоғары санаттағы дәрігер-пульмонолог Ләзат Ибраеваның пікірінше, маска тағу кезіндегі ыңғайсыздықтың негізгі себебі – психологиялық.
– Кейбір адамдардың маска таққанда мазасыздануының негізгі себептердің бірі, психологтардың пайымдауынша, біз сыртқы әлеммен байланыс орнататын вербалды емес қарым-қатынас арналарын бұғаттау немесе бет мимикасы болып табылады. Яғни, біз адамдардың жүздерін толық көрмейміз, олардың түрін, күлкісін көрмейміз, әрине, бұл бізді алаңдатады, – дейді Ләзат Ибраева.
Пульмонологтың айтуынша, мазасыздық пен ыңғайсыздық тыныс алуға әсер етуі мүмкін. Тыныс алу заңдылықтарының түпкі санада өзгеруі өкпенің жұмысындағы өзгерістерге әкелуі мүмкін – тыныс алудыі жеделдеуі және баяулауы, тыныс алу тереңдігінің өзгеруі.
– Осы дисфункциялардың кез келгені бас айналуға немесе ентігуге әкеледі, кейбір адамдар бұл маска таққанда оттегі жетіспеушілігінен немесе көмірқышқыл газының жиналуынан туындайды деп ойлайды. Әрине, егер маска таққанда адам мазасызданса немесе күйгелектенсе, оның тыныс алуы жиілейді және терең дем ала бастайды. Бұл ағзаның СО2 тудыруға қарағанда оны тез шығаруына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде бас айналу мен жағдайдың нашарлауына әкеп соғады. Бір жағынан, біз тым баяу дем алсақ немесе демімізді соңына дейін шығармасақ, көмірқышқыл газының деңгейі, керісінше, ағзада жоғарылайды, ал қандағы оттегі деңгейі төмендейді және ұйқышылдық пен «ауа жетіспеушілігі» сезімі туындайды, яғни ауа жетпей қалады, – деп түсіндіреді Ләзат Ибраева.
Тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар гипоксиядан зардап шегеді. Мазасыздық пен күйгелектік оны өршітіп жіберуі мүмкін. Нәтижесінде жоғарыда аталған белгілер пайда болады. Бұл жағдайда тыныс алуды қалпына келтіруге арналған жаттығулар көмектесе алады.
«Тікбұрышты тыныс алу» немесе «бұрыштық тыныс алу» әдісін қолдануға болады. Бұл әдіс тыныс алуды саналы түрде реттеуге көмектеседі, парасимпатикалық жүйке жүйесін белсендіру арқылы стрессті, алаңдаушылықты азайтады. Диафрагматикалық тыныс алу немесе ішпен тыныс алу оттегі мен көмірқышқыл газының алмасуына оңтайлы ықпал етеді, жүрек соғу жылдамдығын қалыпқа келтіреді, қан қысымын төмендетеді. Мұндай жаттығулар маскада ыңғайлы тыныс алуға септігін тигізеді.
Маска тағу ыңғайсыздық туғызбауы үшін дәрігер «ауа өткізетін» матадан жасалған маскаларды қолдануға кеңес береді. Сонымен қатар, масканың өлшемі өзіңізге сай екендігіне көз жеткізу керек.
– Егер адам үйден бір-екі сағаттан артық уақытқа шықса, онда бірнеше маскаңыз болуы керек. Мақта маскалар тыныс алу кезінде ылғалды, терді сіңіреді. Екі сағаттан кейін ол адам үшін қауіпті болады және оны қорғамайды. Инфекционистердің ұсыныстарын сақтап, қорғаныс құралдарын шешкеннен кейін міндетті түрде қолыңызды сабынмен жуыңыз немесе дезинфекциялық ерітіндімен өңдеңіз. Адамдар көп жиналатын орындарда, көлікте, дәріханалар мен дүкендерде, әкімшілік мекемелерде бетперде тағу керек, – дейді Ләзат Ибраева.