Медициналық фейктер

Жалған: «Адамдарды сиыр сүті арқылы вакцинациялайды»

Желіде сиыр сүтінен алынған экзосомалар негізінде SARS-CoV-2-ге қарсы мРНҚ вакцинасын жасаған Қытай ғалымдарының зерттеуі таралды. Кейбір әлеуметтік желі қолданушыларының пікірінше, бұл адамдарды мәжбүрлеп вакцинациялаудың жаңа әдісі. Бұл қандай вакцина? Әлеуметтік желіде ол туралы тараған қай ақпарат жалған? Талдап шығайық.

2022 жылы Қытай ғалымдары сиыр сүтінің экзосомаларына негізделген ауыз арқылы қабылданатын мРНҚ вакцинасын зерттеуді жариялады. Жұмыстың мақсаты COVID-19-ға қарсы егу үшін әлдеқайда тиімді және ыңғайлы болатын ауыз арқылы (яғни жұту арқылы) қабылданатын мРНҚ вакцинасын жасау және сынау болды. Ғалымдар мұндай вакцинаның бұлшықетке немесе тері астына егілетін екпелерге қарағанда артықшылығы көп деп санайды. Алайда, мұндай вакцинаны жасау үшін асқазан-ішек жолында жақсы сіңетін және дәрі-дәрмекті бүкіл ағзаға жеткізу үшін эпителий ішек кедергілерін оңай жеңетін заттар қажет.

Мұндай вакцинаны жасау үшін қытайлық зерттеушілер сиыр сүтінің экзосомасын негізге алды. Экзосомалар – бұл сүтқоректілер организмдерінің, соның ішінде адамдар мен сиырлардың көптеген сұйықтықтарында болатын жасушалық просенсивті мембраналық көпіршіктер. Жасушалар бір-бірімен байланысу үшін экзосомалар шығарады, нақтырақ айтсақ, бүкіл денеге ақуыздар мен липидтер сияқты нәзік молекулаларды жеткізеді. Экзосомалар өте төзімді, олар ферментативті ыдырауға қарсы тұрады және ішек пен қандағы температура мен қышқылдық ауытқуларға жауап бермейді. Сондықтан экзосомалар дәрі-дәрмек жеткізудің жақсы әдісі болып табылады.
Әлеуметтік желілерде таралған хабарламада сиырларға екпе салынғаны туралы айтылған. Алайда, бұл шындыққа жанаспайды. Бұл зерттеуде қарапайым сиырлардың пастерленген сүтінен экзосомалар мен құрамындағы заттар бөлініп алынған. Кейін алынған экзосомалар ауыз арқылы қабылдайтын вакцина жасау үшін мРНҚ-мен араластырылған.
Сонымен қатар, хабарламада мұндай вакцина арқылы адамдар сүт өнімдерін тұтынған кезде жасырын түрде егіледі делінген. Осылайша, үкімет вакцинацияланғандардың санын мәжбүрлеп арттырмақ екен. Бұл мәлімдеме шындыққа жанаспайды. Егер мұндай вакцина өндірілсе, ол тамақ өнімі емес, тұтас дәрілік препарат болады. Сонымен қатар, вакцина сүтке қосылмайды, өйткені оның құрамындағы көптеген заттар тиімділігіне кедергі келтіреді.
Дегенмен, сиыр сүтінен алынған экзосомаларға негізделген ауыз арқылы қабылданатын мРНҚ вакцинасының жобасына әлі патент алынған жоқ және қазіргі уақытта ол өндірілмейді.
Зерттеу барысында вакцина тышқандарда тексерілді. Ол аналық тышқандардың аш ішегіне егіліп, олардың қаны әртүрлі кезеңдерде зерттелді. Нәтижелер вакцинацияланған жануарларда антиденелер салыстырмалы түрде тұрақты деңгейде қалыптасқанын көрсетті.
Қытай ғалымдарының пікірінше, ауыз арқылы қабылданатын мұндай вакцина аурудың алдын алудың тиімді әдісі болып табылады. Бұл инъекцияға қарағанда қауіпсіз, қолдануға ыңғайлы және медициналық шығындарды аз қажет етеді. Бұл ретте өндірісте бірқатар қиындықтар туындайды. Мысалы, сиыр сүтінен экзосомаларды бөліп алу, өйткені зерттеуде қолданылатын экзосомаларды тазарту әдісі жаппай өндіріске жарамайды.
Осылайша, сиыр сүтінен алынған экзосомаларға негізделген ауыз арқылы қабылданатын мРНҚ вакцинасының жобасы бар. Бірақ, біріншіден, бұл вакцина өндіру және қолдану үшін қол жетімді емес. Екіншіден, адамдарды жасырын вакцинациялау үшін ол сүт өнімдеріне қосылмаған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button