Алаяқтар Kaspi.kz атынан ұтыс өткізуде
Алаяқтар қазақстандықтарды Kaspi.kz атынан алдауда. Пайдаланушыларға күмәнді сайтқа тіркеліп, ақшалай сый алу ұсынылады. Сондай-ақ, бұл туралы достарын да хабардар етуге кеңес береді.
Kaspi.kz қазіргі уақытта қандай да бір ұтыс өткізіп жатқандығы туралы ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
– Желіде кейде фейк ұтыстар өткізіледі. Мұндай фейктерді тани білу керек. Сондықтан біз клиенттерімізді әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларымызда алаяқтардың құрбаны болмау жолдары туралы үнемі хабардар етіп отырамыз, – деп хабарлады Kaspi.kz баспасөз қызметі.
Банктің Facebook-тегі парақшасында Kaspi.kz атынан жүргізілген фейк сауалнамалар мен ұтыстардың скриншоттарын түсіріп, ресми аккаунтқа жеке хабарлама түрінде жолдау ұсынылады.
– Естеріңізде болсын, Kaspi қызметкерлері ешқашан картаңыздың суретін, SMS кодты, жеке кабинеттің паролін сұрамайды. Егер біреу сізден осы деректерді талап етсе, онда бізге жеке хабарлама жазыңыз — біз шара қабылдаймыз, – делінген парақшада.
Банктің өзекті акциялары мен ұсыныстары туралы барлық ақпаратты Kaspi.kz Facebook-тегі ресми парақшаларынан оқуға болады.
Алаяқтар пайдаланушылардың жеке мәліметтерін иемдену мақсатында көбінесе белгілі компаниялар мен брендтердің атынан әрекет етеді. Олар фишингтік сайттар арқылы құжаттардың, төлем карталарының мәліметтерін, жеке аккаунттар мен ақылы қосымшалардың парольдерін біліп алады. Бұған дейін StopFake.kz фишингтік сайтты қалай тануға болады және интернет-алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдары туралы жазған болатын.