Манипуляция: «Кемеде вакцина салдырғандар арасында COVID-19 өршуі екпенің тиімді еместігін дәлелдейді»
Қазнет қолданушылары HMS Queen Elizabeth кемесінде COVID-19 өршігені туралы айтуда. Экипаждың барлық мүшелері вакцинаның екі дозасын алған, соған қарамастан олар індет жұқтырған. Кейбіреулердің пікірінше, бұл оқиға вакциналардың толық тиімсіз екендігін дәлелдейді. Бұл манипуляция.
Кемеде КВИ анықталғаны туралы ақпарат БАҚ-та ағымдағы жылдың 14 шілдесінде жарияланды.
Ол кезде ұшақ тасығыш экипажы арасында ауру жұқтырған 100-ге жуық адам тіркелген.
Инфекция анықталған кезде кеме Carrier Strike Group авиатасымалдағыштарының негізгі тобын 28 апталық орналастыруды басқарған еді. Топ экипажының жалпы саны шамамен 3700 адамды құрайды.
BBC басылымы түсініктеме алу үшін Ұлыбритания Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне жүгінді.
– Сынақ тапсырған күндердің бірінде Carrier Strike Group командасының аз ғана бөлігінде COVID-19 анықтайтын ПТР талдауының нәтижесі оң болып шықты. Ұшақ тасығыштың негізгі тобы өзінің жедел міндеттерін орындауды жалғастырады және бұл өрістетуге ешқандай әсерін тигізбейді, – деп хабарлады ведомстводан.
Айта кетейік, аурудың ауыр жағдайлары және экипаж мүшелерін ауруханаға жатқызу туралы хабарланған жоқ.
Бұл жағдай вакциналардың тиімсіздігінің белгісі емес.
Біріншіден, КВИ қарсы иммундауға арналған бірде-бір препарат 100% тиімді емес, бұл туралы бұған дейін бірнеше рет хабарланған болатын. Сондайақ, екпенің тиімділігі SARS-CoV-2 вирусының нұсқасына байланысты да өзгеруі мүмкін.
Екіншіден, толық вакцинацияланған адамдар арасында сырқаттану жағдайлары құпия емес, бірақ олар сирек болады. Әрбір жағдай тіркеледі және тексеріледі.
Үшіншіден, вакциналар аурудың ауыр жағдайлары мен өлім-жітімнің алдын алуда аса тиімді. Бұған вакцинация деңгейі жоғары елдерді мысал ретінде келтіріп өтуге болады. Мысалы, Канадада жаппай иммундаудың нәтижесінде ауру жұқтырудың жаңа жағдайларының саны өткен жылдың қыркүйек айындағы деңгейіне дейін төмендеді. Израильде ауыр жағдайлардың, ауруханаға жатқызудың және өлім-жітімнің күрт азайғаны байқалады. Ұлыбританияда сырқаттанушылық деңгейінің кемігені тіркелді.
Демек, HMS Queen Elizabeth кемесінде COVID-19 өршуі ауқымды да, күшті де емес. Шамамен 3700 экипаж мүшесінің 100-ге жуығы ауру жұқтырған. Аурудың ауыр жағдайлары немесе ауруханаға жатқызу туралы хабарланған жоқ. COVID-19 қарсы вакциналардың тиімділігі дәлелденген және аурудың ауыр өту, ауруханаға жатқызу және өлім қаупін едәуір төмендетеді.