Кім не деді: афоризмдер және оларды айтпаған авторлар
Интернетте танымал және жай адамдардың афоризмдері, қанатты сөздері мен дәйексөздері көп. Оларды айтып, ақылды не ақымақ көрінуге болады. Афоризм «сарапшылары» авторы жалған деп тапқан белгілі бес қанатты сөзді қарастырып көрейік.
- «Қайда? Қайда? Қарағандыда?» («Где-где? В Караганде!») – біз бұрынғы Кеңес Одағының тұрғындарынан жиі еститін қанатты сөз. Әсіресе, балалардан. Пайдаланушылардың көбі бұл сөзді өздерін ашуландырған сұраққа (қайда?) тапқыр жауап ретінде қолданатынына қарамастан, бұл сөз қайғылы жағдайда туған деп саналады.
Ол қуғын-сүргін кезеңінде шыққан деген пікір бар. Адамдар жұмысқа орналасқанда әңгімелесуден өтіп, сұрақтарға жауап берген кезде соңғы уақытта қайда болғанын айтуға тиіс болған. Карлагтың бұрынғы тұтқындары көпшілік алдында қамауда болғандарын айтпас үшін: «Қарағандыда!» дейтін болған.
Бұл сөздің шығуының тағы бір нұсқасы – «Дерибасовскийде күн жақсы, немесе Брайтон-Бичте жаңбыр жауып тұр» («На Дерибасовской хорошая погода, или на Брайтон-Бич опять идут дожди») фильмі. Бұл қанатты сөз 1993 жылы дәл осы фильмде алғаш рет айтылған.
2011 жылы нақты Қарағанды қаласында «Қайда-қайда? Қарағандыда!» мүсіндік композиция орнатылды. Ол әлемдегі қанатты сөзге арналған алғашқы ескерткіш ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.
Бірақ ескерткіштің қойылғанына және танымалдылығына қарамастан, шығу тарихы белгісіз болғандықтан сөз тіркесі сөздіктерге енгізілмеген.
- Вольтер айтты деген тағы бір әйгілі «Мен сіз айтқан сөздердің ешқайсымен келіспеймін, бірақ Сіздің оны айту құқығыңыз үшін өлуге дайынмын» деген қанатты сөзді шын мәнінде басқа біреу айтқан.
Француз философы және жазушысы Франсуа-Мари Аруэ Вольтер аббат Ле Рошеге жазған хатында оның стилі мен сөз саптауын сынға ала отырып, оны қолдау үшін былай деп жазған: «Маған сіздің жазғаныңыз ұнамайды, бірақ жазуды жалғастыруыңыз үшін өмірімді қиюға дайынмын». Бұл сөз ағылшын жазушысы Эвелин Холлдың «Вольтердің достары» кітабының арқасында күллі әлемге тарады. Әдеттегідей, адамдар түпнұсқаны сәл өзгертіп айта бастаған.
- Келесі қанатты сөздің де қайдан шыққаны белгісіз, «Гол!… (мұнда – үш әріптен тұратын қысқаша, бірақ эмоционалды сөз – ред.ескерт.)! Штанга!».
Бұл сөзді кеңестік комментатордың айтқанын өз құлағымен естігеніне ант беретін миллиондаған куәгер-жанкүйер бар. Бірақ Кеңес Одағының бірде-бір басылымы және бірде-бір комментаторы өзінің авторлығын растаған жоқ. Әйгілі сөз тіркесін Николай Озеров пен Вадим Синявский есімді танымал кеңестік журналистер айтқан дейді.
Оқиға былай болған, сүйікті спортының жанкүйері, комментатор үміт артқанымен қақпаға ұшып бара жатқан доп немесе шайба (қауесет таратушылар қандай матч болғанын да білмейді – футбол ма, хоккей ме) штангаға тиіп, қақпаға кірмей кетеді. Ол кәсіби бейтараптық жайлы ұмытып, тікелей эфирде әсірелей сөйлейді. Өкінішке орай, жазбалар табылған жоқ. Комментатор біраз уақытқа жұмыстан шеттетілді деп жатты. Бұған ресми дәлелдер жоқ.
Бұл сөз 1947-1982 жылдар аралығында шыққан. Озеров пен Синявскийдің замандастары егер мұндай жағдай орын алса, бұл мүлдем басқа журналистің басынан өткен жайт дейді, ол туралы мәлімет жоқ.
- Тағы бір аңызға айналған сөз тіркесі Жапонияда «Дахусим» атауымен белгілі.
Орыс тілді адамдар бұл аударылмайтын жапон сөз ойыны екенін бірден түсінеді. 1972 жылы Саппоро Олимпиадасында шаңғы жарысында орыс спортшысы Вячеслав Веденинге жапон журналисті жолығады. Ол кезде баспасөз аймақтары болмайтын. Журналистер спортшылармен сөреде де, мәреде де тікелей сөйлесе беретін. Жапон жігіті қар жауып тұрса да, шаңғысын сүртіп жатқан спортшыдан оның көмегі бар ма деп сұрайды. Веденин: «Иә (Да)… онымен (с ним)!» деп жауап берген және жеңіске жеткен. Келесі күні газет ресейлік шаңғышы «Дахусим» сиқырлы сөзін айтып, алтыннан алқа тағынды деп жазған. Бұл оқиға әзілге ұқсағанымен, шын болған жайт. Түрлі сұхбаттарда олимпиадашы Вячеслав Ведениннің өзі мұны бірнеше рет растаған болатын.
- «КСРО-да секс жоқ!» – Кеңес Одағының бұрынғы тұрғындары бұл сөзді мысқылмен айтады. Ол сөйлемнен алынған екен.
1986 жылы кеңестік және америкалық журналистер Владимир Познер мен Фил Донахью ұйымдастырған алғашқы телекөпірде америкалық көрермен КСРО-да «бәрі жыныстық қатынасқа қатысты» болатын жарнама бар ма деп сұраған. Оған кеңестік елдер тарапынан «Ленинград» қонақ үйінің әкімшісі қызметін қатар атқарып жүрген және «Кеңестік әйелдер комитеті» қоғамдық ұйымының өкілі Людмила Иванова жауап береді: «Бізде секс жоқ, біз бұған мүлдем қарсымыз! Бізде махаббат бар!». Сөйлемнің соңы күлкіден естілмей қалады, бірақ трансляция сақталған және онда «махаббат туралы» анық естіліп тұр. Қатысушылар тынышталған соң Кеңес тарапы КСРО-да секс бар, бірақ жарнама жоқ деп толықтырады. Алайда, «КСРО-да секс жоқ» деген сөз кеңестік азаматтар арасында бірден тарады. Бұл ел қазір болмаса да, қанатты сөз қазіргі кезде де айтылып жүр.