Алаяқтар сауалнамадан өтіп, танымал спорт дүкенінен рюкзак алуды ұсынады
Facebook-те қазақстандықтарға сауалнамадан өтіп, Decathlon дүкенінен 1075 теңгеге рюкзак алуды ұсынады. Акция Қазақстан аумағында француз компаниясының жаңа 100 дүкенінің ашылуына орай өткізіліп жатыр екен. Бұл онлайн алаяқтардың ісі.
Компанияның өзі мұндай сауалнама мүлдем өткізбеген. Сауалнамалар әрқашан нақты бір аудиторияға арналады және уақыты мен қатысушылар саны шектеулі болады. Айта кетерлік жайт, ұйымдастырылатын акциялар туралы ақпарат әрдайым ұйымдардың ресми парақшаларында жарияланады.
«Декатлон Қазақстан» ресми сайтында, Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріне де сауалнамадан өткендерге рюкзак берілетіні туралы ақпарат жоқ.
«Сыйлықты алу» үшін 1075 теңге төлеу қажет. Бұл сіздің робот емес, адам екеніңізді растау үшін жасалады. Ал шын мәнінде, бұл фишингтік сайт және сіз төлем жасаған кезде терген барлық деректер алаяқтардың қолына түседі. Осылайша, сіз ақшаңыздан айырылып қана қоймай, жеке мәліметтеріңізді, соның ішінде логин, пароль, карта нөмірлерін және CVC кодтарын мүлдем белгісіз адамдарға жібересіз.
Сауалнамаға қатысқаныңыз үшін сыйлықтар мен ақшалай төлемдер беру киберқылмыскерлер қолданатын ең танымал схемалардың бірі. Алданып қалмаудың амалдары туралы біз сайтымызда бірнеше рет жаздық.