Fake News

Билл Гейтстің мәжбүрлі вакцинациялау арқылы депопуляциялау туралы хабарламасы – фейк

Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары The Sovereign Independent газетінің 2011 жылғы маусымдағы санын ұстап отырған әйелдің фотосуретімен бөлісуде.

Басты бетте Билл Гейтстің фотосуретінің жанына «Жаппай вакцинациялау арқылы депопуляциялау» деген тақырып жазылған. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, бұл миллиардердің Sars-coV-2 вирусын «жасауға» және «әлемдік қастандыққа» қатысы барының дәлелі.

Британиялық The Sovereign Independent газеті 2010 жылдары жарық көрді. Материалдардың басым бөлігі ресми сайтта жарияланды. Сондай-ақ, газеттің Youtube-те AwakeTV («оянғандар ТВ-сы») атты арнасы болған. Қазір басылым жабылып қалған сияқты, сайт соңғы рет 2014 жылдың 26 шілдесінде жаңартылған, YouTube арнасы да жоқ.

Газетте және сайтта жарияланған материалдар қастандық теорияларына, саясат туралы өсектерге және белгілі тұлғаларды «әшкерелеуге» арналды.

Басылымға жалған ақпарат таратқаны және вакцинациялауға қарсы қозғалысты насихаттағаны үшін бірнеше рет айып тағылды. Атап айтқанда, газет вакциналар аутизм тудырады, иммундық жүйені әлсіретеді, құрамында вирустар болады, ДНҚ-ны өзгертеді және ауру жұқтырады деп жазған.

Билл Гейтстің «жоспарлары» туралы жазылған газет санының қағаз нұсқасын табу өте қиын болғанына қарамастан, оны желіден оңай оқуға болады.

The Sovereign Independent газетінің 2011 жылғы маусымдағы санында Microsoft негізін қалаушыға арналған материалдан басқа, Бен Ладеннің ойдан шығарылғандығы «дәлелдейтін» мақалалар, евгеникаға жаңа көзқарас (адам селекциясы туралы псевдоғылым) және Бернард Шоу мен Герберт Уэллс Гитлердің жаппай қыру әрекетін қолдағаны туралы мәтін бар.

Мақалада Билл Гейтстің Қытайға жасаған сапары, 2006 жылы Билл мен Мелинда Гейтс қорына қайырымдылық ретінде қыруар қаржы берген Уоррен Баффетпен бірлескен жұмысы туралы айтылады.

Газетте жазылған сапар 2010 жылы ұйымдастырылған. Microsoft негізін қалаушы вакцинациялау бағдарламасымен жұмыс істеуге инвесторлар мен ғалымдарды тарту үшін бірқатар кездесулер өткізді.

Айта кетейік, мәтінде «депопуляциялау» туралы сөздерді Билл Гейтстің айтқаны жайлы жазылмаған. Мәжбүрлі вакцинациялау және филантроптың мұндай идеяны бұрын-соңды айтқаны туралы ештеңе айтылмаған.

Автор Гейтстің бір ғана дәйексөзін келтіреді, ол басты бетте жазылған және оның Қытайға жасалған сапарға еш қатысы жоқ. Билл Гейтстің газетте жарияланған сөздері оның TED2010 конференциясында сөйлеген сөзінен алынған үзінді.

– Қарап көрейік. Бірінші көбейткіш – халық. Бүгінде әлемде 6,8 миллиард адам бар, бұл көрсеткіш шамамен 9 миллиардқа дейін өседі. Жаңа вакциналарды жасауда, денсаулық сақтауда, репродуктивті денсаулық саласында үлкен жетістіктерге қолжеткізген жағдайда өсім 10-15 пайызға төмендеуі мүмкін, сонда да өсім шамамен 1,3 миллиардты құрайды, – деп жазады басылым Билл Гейтстің сөзін келтіріп.

Шын мәнінде, Microsoft негізін қалаушы тірі адамдарды өлтіру туралы емес, бала тууды бақылау жайлы айтқан. Оның пікіріне, адамзат бала өлімін жеңе алса, онда көптеген елдерде әйелдердің көпбалалы болу қажеттілігі болмайды. Оның орнына, отбасыларда ата-аналар қамтамасыз ете алатын балалар көп болады.

Билл мен Мелинда Гейтс осы идеяны 2017 жылы Уоррен Баффетке жолдаған хатта да айтқан.

Билл Гейтс «Мәжбүрлі вакцинациялау арқылы депопуляциялау» туралы айтпағаны анық және мақала авторы оны ойдан шығарған. Гейтстің жер халқы туралы жалғыз дәйексөзі контекстен алынған және материалда сипатталған оқиғаларға еш қатысы жоқ.

Айта кетейік, бұл Microsoft негізін қалаушыны әлем халқының бір бөлігінен құтылғысы келеді деп тағылып тұрған алғашқы айып емес. Бұған дейін әр түрлі елдердің фактчекерлері Гейтстің 2018 жылға дейін ғаламшарды депопуляциялау жоспарын, Африка тұрғындарының бір бөлігін жою, жаппай чиптеу және жердің барлық тұрғындарының ақыл-ойын бақылау жоспарын әзірледі деген теорияларды жоққа шығарған болатын.

 

Фейктерді әшкерелеу – біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button