Fake News

Конспирология: «Билл Гейтс шешек пандемиясын ұйымдастырмақ»

Telegram чаттарға қатысушылар қазіргі маймыл шешегі ошағы миллиардер Билл Гейтстің ісі деп жазуда. Пайдаланушылардың пікірінше, бұл өлімге әкелетін жаңа пандемияның басталуы, ол туралы Гейтс былтыр қараша айында айтқан болатын, тіпті 2001 жылы әлемдік көшбасшылармен бірге оқу-жаттығу өткізген екен. Бұл конспирология.

Бұл теорияны бірнеше бөлікке бөліп қарастырайық. Хронологиялық ретпен бастайық. 2001 жылдың маусым айында стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы, Джонс Хопкинс азаматтық биоқорғанысты зерттеу орталығы, ANSER Ұлттық қауіпсіздік институты және терроризмнің алдын алу ұлттық мемориалды институты «Қараңғы қыс» атты бірлескен оқу-жаттығулар өткізді. Шара сценарийі толығымен ойдан шығарылған. Ол ықтимал биотеррористік қауіптің алдын алуға бағытталған, оның барысында шабуылдаушылар АҚШ-та шешек вирусын қоздырған. Ал 13 күннен кейін ауру 25 штатқа және 15 шет мемлекетке таралды.

Бұл биотеррористік шабуыл сипатталған алғашқы пандемиялық оқу-жаттығулар сценарийі емес екенін айта кеткеніміз жөн. Мысалы, 2005 жылы өткізілген «Атлант дауылы» жаттығуларының сценарийі аурудың қасақана таралуы туралы болған.

2018 жылы «Клэйд Икс» оқу-жаттығулары өткізілді, сценарий бойынша адамдар белгісіз вирус жұқтыра бастаған, ал оған қарсы вакцина болмаған.

Олардың барлығы ел үкіметтерін, денсаулық сақтау жүйелерін және басқа органдарды болуы ықтимал пандемияға дайындауға және биологиялық қауіптер кезінде дұрыс және жедел, тиімді әрекет етуге үйретуге бағытталған.

Мұндай оқу-жаттығуларды пандемияның «репетициясы» деп атау, барлық әскери жаттығуларды нақты соғыс жоспарының дәлелі деп атағанмен бірдей. Ал бұл дұрыс емес.

Таратылған қастандық теориясының келесі тармағында 2021 жылғы қараша айының басындағы жағдай туралы айтылады. Ол кезде миллиардер, филантроп Билл Гейтс Арнайы денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Джереми Хантқа сұхбат берген болатын. Оның толық нұсқасын Желіден табуға болады. Хантпен әңгімелесу кезінде Гейтс шешек пандемиясы туралы айтқан да жоқ, оны болжаған да жоқ.  Ол мысал ретінде қазір таралып жатқан маймыл шешегін емес, табиғи шешекті келтіріп өткен.

Бұдан әрі Қазнет пайдаланушылары Гейтстің сұхбатынан кейін бірнеше күн өткен соң Филадельфияда шешек ауруы бар бірнеше құтының табылғаны туралы жазады.

Шын мәнінде, «шешек» жапсырмасы бар құтылар Филадельфиядан тыс вакциналарды зерттеу зертханасынан табылды. Оларды мұздатқыш камераларды жинау кезінде кәсіпорын қызметкері анықтаған. Оқиғадан кейін ешқандай инфекция тараған жоқ. Құтының ішіндегі затты ешкім ұстамаған, табылған зат туралы АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығына дереу хабарланды. 

Билл Гейтстің болған жағдайға ешқандай қатысы жоқ, бұл туралы PolitiFact порталының фактчекерлері жазды.

Қазіргі кезде маймыл шешегінің өршуінің жоғарыда сипатталған оқиғалармен ешқандай байланысы жоқ. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Гейтс айтқан табиғи шешек және маймыл шешегі – бұл әртүрлі аурулар. Маймыл шешегі бірде-бір пандемия оқу-жаттығуларында болмаған.

Екіншіден, маймыл шешегі Орталық және Батыс Африкада жиі кездеседі, кейде оның ошақтары басқа елдерде де тіркеледі. Мысалы, 2003 жылы ауруды Африкадан әкелінген маймыл шешегімен ауырған кеміргіштерден жұқтырған иттермен ойнаған АҚШ азаматтары осы індетпен ауырған. 2018 жылы маймыл шешегі Израильде, Ұлыбританияда тіркелді. 2019 жылы Сингапурда бұл ауру бір науқастан анықталды. 2021 жылғы шілде-қараша айларында АҚШ-та да аурудың тіркелген жағдайлары туралы хабарланды.

Бүгінгі таңда маймыл шешегін жұқтыру жағдайлары Австралия, Канада, АҚШ және Еуропа елдерінде тіркелген. Олардың бәрі тексерілуде. Биыл 7 мамырда Ұлыбританияда анықталған алғашқы пациент ауырғанға дейін біррер уақыт бұрын Нигериядан оралғаны белгілі болды. Еуропада тіркелген басқа науқастар арасында арасында бұған дейін Канар аралдарында демалған ер адам және науқастардың бірін қабылдаған медицина қызметкері бар.

Билл Гейтстің аурудың таралуына қандай да бір қатысы бар және қазіргі кезде пандемия ұйымдастырып жатыр деп айтуға ешқандай негіз жоқ.

Айта кетейік, маймыл шешегі – бұл белгілері желшешек белгілеріне ұқсас ауру, ол  шамамен 21 күн ішінде өздігінен кетеді. 

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button