Фейк: «Адамдар COVID-19-дан гөрі вакциналардан көп өледі»
Қазнет қолданушылары АҚШ-та COVID-19 ауруынан гөрі вакцинация нәтижесінде көп адам қайтыс болды деген хабар таратуда. Мұндай статистиканы АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) жариялады. Бұл жалған.
Бұл жаңалықтың дереккөзі – Hal Turner Radio Show порталы. Сайттың жалған ақпарат пен қастандық теорияларын жариялайтыны белгілі. Мысалы, онда вакцинацияланған адамдарды 5G желілерінің көмегімен бақылауға болатындығы туралы хабарламалар, Sars-CoV-2 вирусы – Қытай жасаған биологиялық қару деген сияқты хабарламалар жарияланады.
Осы порталда жарияланған мақалада өткен аптада АҚШ-та VAERS жүйесінде COVID-19 қарсы вакцинация салдарынан 2043 адам, ал індеттен 1505 адам көз жұмған делінген.
Алайда, VAERS жүйесінің өзінде де, CDC ресми сайтында да мұндай көрсеткіштер жоқ.
VAERS жүйесінен ағымдағы жылдың алғашқы алты айындағы толық деректерді көруге болады. Қаңтардан маусымға дейін жүйеде 4,918 өлім-жітім тіркелді. Бұл ретте сайтта «Вакциналардың жанама әсерлері туралы хабарламалар жүйесінің (VAERS) дерекқорында АҚШ-та лицензияланған вакциналармен иммундаудан кейінгі жанама әсерлер туралы тексерілмеген есептер (аурулар, денсаулық проблемалары және / немесе симптомдар) туралы ақпарат бар. Есептер кез келген адамнан қабылданады және сайтқа электронды түрде жіберілуі мүмкін». Сондай-ақ порталда «Есептер толық емес, дәл емес, кездейсоқ немесе тексерілмейтін ақпаратты қамтуы ықтимал. VAERS-тегі есептердің көбі ерікті болып табылады, яғни олар біржақты болуы мүмкін» екендігі туралы ескерту жасалған.
Демек, барлық өлім-жітім тікелей COVID-19 қарсы вакцинациясының салдары болды деп айту дұрыс емес.
Вакциналармен байланысты өлім туралы ақпарат CDC ресми сайтында осы жылдың 13 шілдесінде жаңартылды. Онда жеті айда – 2020 жылдың 14 желтоқсанынан 2021 жылдың 12 шілдесіне дейін VAERS жүйесіне екпе салдырғандар арасында болған өлім туралы 6079 хабарлама келіп түскені айтылған. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері егілудің өлім себеп болған-болмағанына қарамастан, VAERS-ке COVID-19 қарсы екпеден кейінгі кез келген өлім туралы хабарлауға міндетті екендігі жазылған.
Яғни, Hal Turner Radio Show порталындағы бір апта ішінде вакцинациядан 2043 адамның қайтыс болғаны туралы ақпарат жалған. Айта кетейік, конспирологиялық веб-сайтта VAERS жүйесінде тіркелген өлім туралы хабарламалар дәл болмауы мүмкін және оларды COVID-19 қарсы вакциналарын қолданудан туындаған өлім жағдайларын есептеу кезінде сенімді дереккөз ретінде пайдалануға болмайтыны айтылмаған. Оның орнына, мақалада барлық өлім вакциналармен байланысты болды деп жазылған, бұл дұрыс емес.
Соңғы апталарда АҚШ-та COVID-19 болған өлім-жітім көрсеткіші төмендеуде. Шілде айының басынан бастап күн сайынғы көрсеткіш күніне 108-344 адамды құрады. Салыстыру үшін: осы жылдың қаңтарында күніне 4000-ға жуық адам қайтыс болған.
1-12 шілде аралығында АҚШ-та COVID-19 салдарынан 2 670 адам көз жұмған. Бұл деректер тест нәтижелерімен және медициналық қорытындылармен расталады.
Қорыта айтқанда, Hal Turner Radio Show порталында көрсетілген ақпарат ресми деректерге қайшы келеді және сенімді дереккөзге тексерілмеген және дәл емес деректерді ұсынады. Порталдың өзі біржақты және сенімсіз екендігімен белгілі.