Қазнетте жылап тұрған бала туралы ескі фейк тағы да таралуда
Пайдаланушылар WhatsApp-та барлық қыздар мен әйелдерді ескертуде. Мәтінде далада қолына мекен жайы жазылған қағаз ұстап, жылап тұратын балалар туралы айтылған. Олар жалғызбасты қыздар мен әйелдерден үйге жеткізіп салуын сұрайды, ал шын мәнінде оларды қылмыскерлер мен зорлаушылардың ұясына апарады. Бұл интернетте тараған ескі қорқынышты әңгіме.
Көшеде жылап тұрған балалардың қыздарды қаскүнемдерге ертіп апаратыны туралы хабарламалар алғаш рет Желінің ағылшын тілді сегментінде 2005 жылдың басында, яғни 18 жылдан астам уақыт бұрын шыққан. Ол кезде мәтін SMS-хабарлама түрінде тарап, қылмыскерлермен сөз байласқан балалардың жынысы аталмаған. 2010 жылғы ақпарат қазіргі хабарламаға ұқсайды, бірақ ол әр түрлі тілдерде тарады. Онда мекен жайы жазылған қағаз ұстап тұрған бала және оны тікелей полицияға апару керек екендігі туралы айтылады.
2015 жылы хабарлама Ресей мен Қазақстанға жетті. Екі елдің Ішкі істер министрліктері ақпараттың фейк екенін және мұндай жағдайлар еш жерде тіркелмегенін хабарлады.
2017 және 2021 жылдары хабарламаны ресейлік пайдаланушылар қайта тарата бастады. Оны ІІМ тағы да теріске шығарып, бұл оқиға интернеттегі қорқынышты әңгіме деп мәлімдеді.
Олай болса, таралған ақпаратқа сенудің қажеті жоқ. Көшеде зорлаушылармен және қаскүнемдермен келісіп, жылап тұрған балалар жоқ.