Fake News

Қазнетте алаяқтар мәтін терушінің жұмысын тағы да ұсынуда

Әлеуметтік желілерде жақсы жұмыс ұсынылған жарнамалар тағы да таралуда. Жұмыс іздеушілерге қашықтан мәтін теру жұмысы ұсынылады. Мәтінді қайта басып шығару үшін тәжірибе қажет емес. Ал орындалған жұмыс үшін мол табыс төленеді екен. Шындығында, бұл жақсы жолға қойылған алаяқтық схема.

Хабарландыру @linar_official_biz аккаунтынан тараған, оған 105 мыңнан астам адам жазылған. Бір қарағанда, бұл сенім тудыратын әсерлі көрсеткіш. Алайда, интернетте жазылушыларды ақшамен оңай жинайтын жосықсыз пайдаланушылар мен компаниялар көп екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан мұндай көрсеткішке алданып қалмаңыз – ол сенімділіктің белгісі емес.

Бірінші алаңдатарлық жайт – байланыс деректерінің болмауы. Жұмыс туралы ақпаратты тек Instagram-дағы жеке хабарламалар арқылы ғана алуға болады. Бұл ресми жұмыс үшін қолайсыз тәсіл. Адал жұмыс беруші ұдайы қалай байланысуға болатынын жазады: сайт, пошта, телефон нөмірі. Интернеттегі алаяқтар, керісінше, із қалдырмауға тырысады және коммуникацияны барынша шектейді.
Екінші жағдай – мақтаған пікірлердің көптігі. Бірақ олар рас па? Желіден суреттерді іздеу арқылы роликтегі адамдардың кәсіби пікір жазушылар екенін анықтауға болады. Олар бұл үшін ақша алады.

Мысалы, өзін Ирина деп таныстырған қыз жақында Қазақстанға көшіп келгенін және мәтін теруші болып жұмысқа орналасып, екі айда 900 мың теңге тапқанын айтады. Ал, басқа видеода дәл осы қыз өзін сұлулық салонының иесі Елена ретінде таныстырады және керемет жұмысы үшін заңгерлік компанияға алғыс білдіреді. Үшінші роликте ол жүк тасымалымен айналысатын фирманы мақтайды.

Алаяқтық жарнама парақшасында өзін Алсу деп таныстырған әйелдің пікірі бар. Видеода ол 20 күнде мәтінді қайта басып шығарып 320 мың теңге тапқанын айтады. Алайда, осы әйел өзін Марина деп таныстырып, заң компаниясының жарнамасына да түскен. Кейін басқа заң фирмасының видеосында Ирина болып жүр. Сонымен қатар, оны әртүрлі қызметтер туралы пікірлерден де көруге болады – эзотериктерден бастап тұрмыстық техниканы жөндейтін компанияларға, тазалау қызметтеріне және басқаларға дейін.

Осы фактілердің бәрі алдымызда тапсырыс бойынша пікір жазатын актрисалар тұрғанын білдіреді. Демек, олардың сөзіне сену теледидар жарнамасының сценарийіне сенгенмен бірдей.

Пайдаланушылар тауарлар, қызметтер және компаниялар туралы пікірлерін жазатын танымал Otzovikon порталында @linar_official_biz аккаунты туралы пікірлерді таба аласыз. Барлық пікірлер жағымсыз. Адамдар алаяқтарға тап болғанын жазған. Олардың сөзінше, аккаунт әкімшілері «оқу курсына» ақы төлеуді ұсынып, кейін адамды бұғаттап, байланысқа шықпай қояды.

Демек, «көп ақша төленетін мәтін терушінің» жұмысы – бұл алаяқтардың ісі. Мәтін терушінің оңай жұмысын ұсына отырып, сізге «оқу ақысын» төлеу керек деп өздері жоғалып кетеді. Оң пікірлерді актерлер жазған және олар шындыққа жанаспайды.

Мәтінді қайта басып бергеніңіз үшін қомақты ақша төленетін схемалар туралы біз 2023 және 2024 жылдары жазған едік. Ол кезде алаяқтар Қазақстан кітапханасының атынан мәтін терушінің бос орны туралы хабарландыру жариялаған. Елімізде мұндай кітапхана жоқ.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button