Fake News

Дәлелсіз: «Ұялы телефонды пайдалану мидың қатерлі ісігін тудырады»

Желіде ми ісіктері ұялы телефонды пайдаланумен байланысты екендігі туралы видео пайда болды. Телефон тиген жерлерде қатерлі ісіктер анықталған әйгілі америкалық тұлғалар мысал ретінде келтірілген. Дегенмен, мұндай байланыстың бар екеніне нақты дәлелдер жоқ.

Видеода АҚШ сенаторы Джон Маккейн туралы айтылған. Онда 80 жасында глиобластома анықталған екен. Бұл ми ісігінің ең көп таралған және агрессивті түрі. Бірақ Маккейндегі ми ісігі ұялы телефонды пайдалану нәтижесінде пайда болғанын дәлелдейтін бірде-бір ақпарат жоқ.

Ағылшын тіліндегі ғылыми мақалалар базасында «Ұялы телефондарды пайдалану және ми ісіктерінің қаупі» атты жұмыс жарияланды. Швеция, Ұлыбритания, Дания және Финляндия ғалымдары бірлесіп зертету жүргізген, ол 2007 жылдан 2012 жылға дейін жалғасқан. Оған 250 мың адам қатысты. Негізгі сауалнамада өмір бойы ұялы телефонды пайдалану тарихы зерттелді. Зерттеудің мақсаты глиома, менингиома және акустикалық нейрома жағдайларын анықтау болды. Нәтижелер ұялы телефондарды ұзақ немесе қарқынды пайдалану мен ми ісіктерінің пайда болу қаупі арасында ешқандай дәлел жоқ екенін көрсетті.

Роликтің тағы бір кейіпкері – спортшы Леброн Джеймс. Видеода ол Samsung оған ақша төлегендіктен, оның бұл проблемасы туралы ешкім білмегенін айтқан. Шын мәнінде, спортшы БАҚ-қа 2009 жылы денсаулығының сыр беріп жүргенін мәлімдеген. Ол кезде онда сілекей шығаратын шықшыт безінде қатерсіз ісік анықталған. Джеймске жасалған ота сәтті өтті. Сондай-ақ, спортшының қатерлі ісігі ұялы телефонмен байланысты екенін ешкім дәлелдеген жоқ.

Видеода сымсыз сәулеленудің денсаулыққа зияны көрсетілген мыңдаған зерттеу бар делінген. Бұл қатерлі ісікке, ДНҚ-ның зақымдануына, есте сақтау проблемаларының және басқа да жағымсыз әсерлердің туындауына әкеледі екен. Алайда, «мың» санының қайдан шыққаны белгісіз. Интернетте зерттеулердің саны және олардың нешеуі телефонның адамға зиянды әсерін дәлелдейті туралы жиынтық кесте жоқ.

2024 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тапсырмасымен жүргізілген ауқымды зерттеудің нәтижелері жарияланды. Соңғы 20 жылда жүргізілген 63 зерттеуді қамтитын метаанализ ұялы телефондар мен басқа сымсыз технологияларды қолданудың артуына қарамастан, мидың үш қатерлі ісігіне, лейкемияға, гипофиз немесе сілекей безінің қатерлі ісігіне шалдығу жағдайларының артқаны байқалмағанын көрсетті.

Сымсыз сәулеленудің жалғыз әсері – тіндерді жылытуы. Ұзақ сөйлескенде құлақ немесе бетіңіз қызарып кетуі мүмкін.

Қазіргі уақытта ұялы телефондардың ми қатерлі ісігін немесе басқа да ауыр ауруларды тудыратынына нақты дәлелдер жоқ. Дегенмен, ұялы телефондардың адам денсаулығына ұзақ мерзімді әсерін дәлірек бағалау үшін зерттеулер жалғасуда.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button