Fake News

Фейк инвестициялар: алаяқтарды қалай анықтайды

«1000 теңге салып, ертең 50 000 теңге табыс ал» дегендей хабарландыруларды жиі кездестіреміз. Бұған сенуге болмайтынын көбіміз білетіндіктен, оны елемей өтіп кетеміз. Ал егер әйгілі блогер, банк немесе ұлттық компания «инвестиция салуға» шақырса ше? Мұндай жарнамаға сенуге бола ма, жоқ па? Бүгінгі материалдан оқыңыздар.

 

Схема қалай жұмыс істейді?

Кибер алаяқтар әлеуметтік желілерде «жаңа инвестициялық платформа» немесе «бағдарлама» туралы хабарландыру жариялайды. Олар хабарландыруда аз ғана инвестиция салып, бірнеше күннің ішінде мол табыс табатыныңызға кепілдік береді. Бұл жалған: пайдаланушылар «инвестициялағанның» бәрі бірден қылмыскерлердің қалтасына түседі.

Бірден қомақты қаржыны ешкім салмайды. Алаяқтарға тиын-тебен тапқан тиімді ме?

Рас, алаяқтар көп ақша іздейді. Олар зардап шегушілердің сеніміне кіріп, аз мөлшерде инвестиция салуға көндіреді, тіпті бірнеше мәрте ақшаны «пайызбен» қайтарады. Адам схеманың жұмысына сеніп қалғанда, ол міндетті түрде қомақты сома салмақ болады. Міне, сол кезде алаяқтар қалағанын алады.

Хабарландыру қызықты болып көрінеді. Бұл алаяқтардың ісі екенін қалай түсінуге болады?

Алаңдатарлық басты белгілер мынадай:

  • Жарнама әлеуметтік желіде анонимді, бейресми немесе бөгде аккаунтта орналастырылған және жарнама деп белгіленген.
  • Белгілі банк немесе корпорация іске қосқан «инвестициялық платформа» үшінші тарап ресурсында орналасқан және ұйымның ресми сайтына немесе мобильді қосымшасына ешқандай қатысы жоқ.
  • Салымшыларға көп пайда табуға болатыны айтылады. Нақты инвестициялық қорларға бұған тыйым салынған. Бұл туралы «Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы» Заңның жетінші тарауында жазылған.
  • Салымшыларды тез шешім қабылдауға итермелейді. Хабарландыруда «алғашқы 100 салымшыға бонус беріледі» деп жазылады немесе «инвестициялық платформаның» жұмыс уақытына қатысты шектеулер қойылады.
  • «Инвестплатформаны» жүктеу сілтемесі мессенджерлерге жіберіледі және ол арқылы AppStore немесе GooglePlay сияқты ресми қолданбалар дүкеніне емес, бөгде сайтқа өтесіз. Олай болса, сізге жүктеп алуға ұсынылып отырған «платформа» шпиондық бағдарлама болуы мүмкін, яғни ол бақылап, логиндер мен парольдерді үшінші тұлғаларға береді.

Видеода инвестициялық бағдарламаны атақты адам жарнамалайды. Олай болса, бұл алаяқтар емес пе?

Жұлдыздар, саясаткерлер мен кәсіпкерлер қатысқан видео ешқандай кепілдік бермейді. Жасанды интеллектінің көмегімен алаяқтар атақты адамдардың шынайы бейнесін жасай алады. Көп жағдайда атақты адамдардың өздері бұл туралы білмейді.

Егер жарнамада ірі банктің немесе ұлттық компанияның аты аталса, еш қорықпай инвестициялауға бола ма?

Жоқ. Алаяқтар графикалық редакторлардың көмегімен жарнамаға кез келген логотипті немесе атауды қоса алады.

Нақты білу үшін жарнаманы тексеруге бола ма?

Әрине, болады. Бұл оңай.

  • Егер видеода әйгілі адам болса, оны deepfakedetector.ai немесе сол сияқты басқа да онлайн сервистің көмегімен тексеруге болады. Олар видеоның нейрожеліде жасалған-жасалмағанын анықтайды.
  • Тексерудің тағы бір жолы – Желіден қарау. Браузердің іздеу жолына «жарнама», «инвестициялар» және «алаяқтар» сөздерімен бірге видеодағы атақты адамның атын жазып көріңіз. Егер жарнаманы алаяқтар жасаса, бұл туралы Интернетте ескертеді.
  • Егер жарнамада ірі банктердің, мемлекеттік корпорациялардың немесе танымал компаниялардың логотиптері қолданылса, онда аталған ұйымның ресми сайтына немесе ресми мобильді қосымшасына өтіңіз. Егер инвсетициялау туралы ұсыныс рас болса, ресми сайтта қаражатты қалай және қандай шартпен салуға болатындығы туралы толық ақпарат ұсынылады. Егер хабарландыру – алаяқтардың ісі болса, онда ресми сайтта мұндай ұсыныстар болмайды.

Нақты инвестициялық бағдарламалардың айырықша белгілері бар ма?

Иә.

  • Біріншіден, кез келген нақты брокердің немесе инвестициялық компанияның өз сайты және әлеуметтік желілерде ресми парақшалары болады. Онда клиенттер инвестициялар туралы толық ақпаратты жарналарсыз және «менеджерлердің» қоңырауларынсыз таба алады.
  • Екіншіден, барлық инвестициялық компаниялардың Қазақстан аумағында лицензиясы болуға тиіс. Онсыз олардың қызметі заңсыз болып саналады.
  • Үшіншіден, барлық брокерлер ҚР Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар тізбесіне енгізілуге тиіс. Оны Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында тексеруге болады.

Нақты брокерлерді алаяқтардан ажырату қиын емес. Ең бастысы, қырағылық танытып, Интернетте оңай ақша табуға болады дегенге сенбеу.

«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында фейк инвестициялармен алдау схемасы туралы тағы бір ролик дайындалды. Алаяқтардың қалай әрекет ететінін көріңіздер.

Естеріңізге сала кетейік, Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен адамдар алаяқтардың айласына түспеуі үшін ең көп таралған алаяқтық схемалар туралы видеолар әзірледі. Жаңа видеолар Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасында екі апта сайын шығады.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button