Fake News

Бұрмалау: «Францияда вакцинациядан бас тартқаны үшін айыппұл салып, қамауға алу қарастырылған»

Қазнетте Францияның жаңа заң жобасы туралы видео талқылануда. Егер адам COVID-19 қарсы вакцинадан немесе басқа инфекциядан бас тартса, айыппұл салу немесе оны түрмеге қамау қарастырылған екен. Бұл жерде фактілер бұрмаланып отыр.

Роликте Техас әзілкеші Джей-Пи Сирстің әзіл-сықақ жаңалықтарынан үзінді қолданылған. Әзілкеш YouTube-те өз арнасын ашты. Ол абсурд тақырыптар мен күн тәртібін көтеру арқылы адамның әлсіз жақтарын жиі мазақ етеді.

Видео авторы өз теориясының дәлелі ретінде әзіл-оспақ жаңалықтарының үзіндісін келтіретіні таңқаларлық жайт.

Франция үкіметі заң жобасын 2023 жылдың қарашасында діни теріс қылықтармен күресу мақсатында ұсынған. Кейін оның әрекет ету бағыты кеңейтілді. Негізгі міндеттердің бірі қауіпті ауруларға жалған ғылыми ем ұсынатын адамдарға қарсы іс-қимыл болды.

Бұл тұжырымдаманың иллюстрацияларының бірі – ютубер және өзін натуропат деп атайтын Тьерри Касасновастың ісі. Ол 2023 жылдың наурыз айынан бастап заңсыз медициналық практика, алаяқтық және психологиялық бағындыру жасағаны үшін тергелуде.

Касасновас өзінің видеоларында вакцинацияға қарсы мәлімдемелер жасап, шикі көкөніс қатерлі ісік пен қант диабетін емдейді дейді.

2024 жылдың ақпанында заң жобасы қабылданды. Онда ғылыми негізделген емдеу мен қорғаныс шараларынан бас тартуды насихаттау үшін қысымға, манипуляцияға және дұрыс емес ақпаратты пайдалануға тыйым салынған. Франция билігі психологиялық манипуляциялар арқылы адамдардың денсаулығына қауіп төндіретіндерді жазаламақ.

Содан бері заң жобасына өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Құжат әлі де пысықталуда.

Ренн университетінің әкімшілік құқық және негізгі құқықтар профессоры Жак Пети Logically Facts порталының беттерінде заң жобасы емдік немесе профилактикалық болып көрінетін, бірақ шын мәнінде өмірге немесе денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіретін әдістерді қолдануға итермелейтінін айтты.

«Енді қоғамға айтылған жалпы мәлімдемелер емес, белгілі бір адамға бағытталған қысым немесе маневрлер қылмыстық жазаға әкеп соғады», – деді ол.

Пети вакцинацияға қарсы мәлімдемелердің неліктен құқық бұзушылық болып саналмайтынын түсіндірді. Біріншіден, олар практикаға емес, керісінше, одан бас тартуға шақырады. Екіншіден, вакцинациядан бас тарту «өлімге немесе мүгедектікке әкелуі ықтимал ауыр жарақаттарға тікелей қауіп төндірмейді».

Заң жобасын дайындаумен айналысатын Азаматтық және қала құрылысы министрлігінің делегат министрі Сабрина Агрести-Рубаштың кеңсесі бұл жағдайды француз TF1 info телеарнасына берген сұхбатында түсіндірді. Мәлімдемеде «бұл заң жобасының ережелері вакциналарды сынауға тыйым салмайды және бұл мәселе бойынша сөз бостандығын шектемейді» делінген. Оның орнына министр кеңсесі жаза қарастырылған әрекетке мысал келтірілді – қатерлі ісікпен ауыратын науқасты химиотерапиядан бас тартуға мәжбүрлеу.

Сонымен қатар, заң вакцина өндірушілер немесе қоғамға қауіп төндіруі мүмкін денсаулық сақтау органдарының немқұрайлылығы мен құқық бұзушылықтарын ашатындарға қатысты қолданылмайды.

Францияның жаңа заңы айыппұл салмайды және вакцинациядан бас тартқаны үшін қылмыстық жаза енгізбейді. Ол тек азаматтардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін манипуляциялардың жолын кесуге бағытталған. Егулерді сынға алып, вакцинациядан бас тарту қаупін талқылайтындар және адамдардың шешім қабылдау еркіндігін құрметтейтіндер бұл заңға сәйкес жауапқа тартылмайды. Демек, әлеуметтік желілердегі ақпарат бұрмаланған.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button