КСРО-да микротолқынды пештерді қолдануға тыйым салынды, себебі олар қатерлі ісік ауруларын тудырады – фейк
Қазір кез келген үйде микротолқынды пештің бар екендігіне қарамастан, кейбіреулер оның зияны туралы мифтерге әлі де сенеді. Адамдардың көбі микротолқынды пештер сәуле шығарады деп санайды. Кеңес Одағынды оларды қолдануға мүлдем тыйым салынған дейді.
StopFake.kz микротолқынды пештер туралы ең танымал мифтерді әшкерелейді.
№ 1 Миф: микротолқынды пештер радиоактивті сәулелену көзі болып табылады.
Шындық: Жоқ. Микротолқынды пештердің сәулеленуі иондалмайды. Яғни, ол зарядталған иондаремес, тек молекулалар мен атомдардың айналмалы, тербелмелі немесе электронды валенттік конфигурацияларын ғана тудырады. Ол тамақ ішіндегі молекулалардың қозғалысының әсерінен жылытылады.
Радиоактивті сәулелену иондаушы түрлерге жатады. Яғни, ол өтетін бөлшектерді иондайды. Мұндай сәулеленудің жасанды көздері ядролық реакторлар, жасанды радионуклидтер, бөлшектердің үдеткіштері немесе рентген аппараттары болуы мүмкін. Ал термоядролық реакциялар, радионуклидтердің өздігінен ыдырауы және ғарыштық сәулелер табиғи көздер болып саналады. Микротолқынды пештерде ондай ештеңе жоқ екені белгілі.
№ 2 Миф: Микротолқынды пештер тағамдағы қоректік заттарды бұзады
Шындық: Бұл мүлдем олай емес. Біріншіден, кез келген термиялық өңдеу кезінде тағамдағы дәрумендердің белгілі бір мөлшері жоғалады. Бұл қарқынды жылыту мен булануға байланысты болады. Бұл әсіресе суда еритін дәрумендерге, оның ішінде С, В1, В2, В3 (РР), В6 және В12 қатысты.
АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының сайтында тамақ дайындаудың әртүрлі тәсілдерінде тағамның қоректік қасиеттерінің төмендеуіне арналған зерттеу жарияланды. Ғалымдар 20 көкөніс түрін пісіріп, олардағы термиялық өңдеуге дейінгі және одан кейінгі дәрумендер мен минералдар мөлшерін бағалады. Тәжірибе көрсеткендей, пеште пісіргенде, майсыз табада қуырғанда және микротолқынды пеште дайындаған кезде өзгерістер аз болатыны анықталды. Тамақты суда пісіргенде пайдалы заттар көп жоғалады екен.
№ 3 Миф: Микротолқынды пештер тағамның молекулалық құрылымын өзгертеді.
Шындық: Бұл жалған мәлімдеме. Жоғарыда айтқанымыздай, микротолқынды сәулелену иондалмайды. Сәулеленудің осы түріне көзге көрінетін және ультракүлгін сәулелер, радиотолқындар және жылу сәулелері жатады. Мұның ешқайсысы молекулалық байланыстарды бұзу және оларды қандай да бір жолмен өзгерту үшін жеткілікті күшке ие емес.
№ 4 Миф: Микротолқынды пештер қатерлі ісік ауруын тудырады
Шындық: Олай емес. Ионданбайтын сәулелену түрлері қатерлі ісіктердің дамуына әсер етпейді. Алайда олардың тікелей ұзақ әсер етуі адамның иммундық жүйесіне ықпалын тигізеді. Бұған жол бермеу үшін микротолқынды пештер ішкі жағынан толығымен қорғалады, ал есігі бірнеше қабаттан тұратын шыныдан немесе пластиктен жасалады және перфорацияланған металл пластинамен жабдықталады. Әдетте, микротолқынды пештің қуаттылығының тығыздығы пештен 5 см қашықтықта 5 мВт/см2 құрайды. Бұл деңгей адамдар үшін қауіпсіз болып саналады.
Өткен жылы Нұр-Сұлтанда Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары микротолқынды пештердің әртүрлі үлгілерін және олардың қуат тығыздығын тексерді. Ең жоғары көрсеткіш 0,0613 мВт / см2 құрады. Бұл ретте пеш жылыту режимінде жұмыс істеп тұрды және өлшемдер есіктен 10 см қашықтықта алынған.
№ 5 Миф: КСРО-да микротолқынды пештерді қолдануға тыйым салынды
Шындық: Жоқ. Кеңес Одағында микротолқынды пештерді қолдануға ешқашан тыйым салынбаған. Олар 1970 жылдардың соңында шығарыла бастады және өте қымбат болып, сәнді зат ретінде қабылданды. КСРО кезінде микротолқынды пештердің «Электроника», «Фея», «Плутон», «Днепрянка», «Мила» және т.б. брендтері танымал болды.
Фейктерді әшкерелеу – біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.