Медицина ғылымдарының кандидаты Наталья Бочкова: «Псориаз шунгитпен емделмейді»
Желіде шунгиттің емдік қасиеттері туралы ақпарат таратылуда. Бұл тау жынысы қысымды, ұйқыны және ас қорытуды қалыпқа келтіреді екен. Сондай-ақ шунгит тері ауруларын, соның ішінде псориазды емдейді деген хабарламалар көп кездеседі. StopFake.kz дерматовенеролог, медицина ғылымдарының кандидаты Наталья Бочковадан ненің шын, ненің миф екенін сұрады.
Әлеуметтік желілерді қолданушылар бөліскен видеоның сипаттамасында 1 айдың ішінде құрамында шунгит бар өнімдердің – майлар мен сусабындардың көмегімен псориаздан емделіп шыққан қыз туралы айтылған.
Алдымен шунгит деген не екенін анықтайық. Бұл толықтай көміртектен тұратын көміртекті зат. Сондай-ақ, оның құрамында кремний оксиді және басқа да микроэлементтер бар.
Таза шунгит табиғатта өте сирек кездеседі, негізінен жұқа, ені 30 см-ге дейінгі тарам түрінде болады. Көбінесе Карелияда таралған шунгит тақтатастары мен доломиттерде қоспа ретінде қолданылады.
Шунгит металлургияда, құрылыста және суды сүзу кезінде белсенді пайдаланылады. Бірақ оның емдік қабілеттері туралы расталған деректер жоқ. Дерматовенеролог, медицина ғылымдарының кандидаты Наталья Бочкова шунгиттің псориазды емдеу үшін неліктен пайдасыз екені жайлы баяндады.
«Шунгитті псориазды емдеу үшін қолдану дұрыс емес. Псориаз – бұл аутоиммундық ауру, бұл ретте тері иммунитеті процестері генетикалық бұзылады. Генетикалық бұзылудың нәтижесінде эпидермис жасушаларының белсенді көбеюі және олардың дифференциациясының бұзылуы байқалады. Яғни, мүйізді эпидермис жасушаларының патологиялық өсуі байқалады, ол клиникалық түрде шамадан тыс қабыршақтанған бляшкалардың пайда болуы түрінде көрінеді. Өкінішке орай, шунгит генетикалық тұқымқуалаған аутоиммундық бұзылыстарды қалпына келтіре алмайды», – дейді дәрігер
Интернетте суға салып қоюға болатын шунгиттің жарнамасы жиі шығады. Бұл тұнбаны асқазан-ішек жолдары ауруларын, ұйқысыздықты емдеу және қысымды қалыпқа келтіру үшін ішуге болады екен. Медицина ғылымдарының кандидаты Наталья Бочкованың айтуынша, шунгит суды тазартады, бірақ бұл су емдік қасиеттерге ие болмайды.
«Шунгиттің құрамында аз мөлшерде фуллерендер болады. Олар антиоксиданттық қасиеттерге ие, демек, ағзадағы тотығу процестерін тежейді. Яғни, ағзаға немесе басқа зиянды заттарға енетін бос радикалдардың тотығу әсерін бейтараптандырады. Егер шунгитті суда антиоксиданттық қасиеттерін тудыру үшін фильтр ретінде пайдаланса, ондай суды ішуге болады», – деп түсіндірді Наталья Бочкова
Дәрігердің айтуынша, шунгиттің де түр-түрі бар. Суды тазарту үшін шығу тегі мен құрамы белгісіз тау жынысын емес, шунгит қосылған арнайы фильтрлерді қолдану керек.
«Сондай-ақ, шунгиттің құрамында бензопирен және авален сияқты полициклді хош иісті көмірсутектер есебінен айқын канцерогендік әсері бар екенін де білуіміз керек. Бұл қандай әсер? Қатерлі ісіктердің пайда болу ықтималдығын арттыру мүмкіндігі. Сондықтан, шунгит суын қолдаушыларға үйде суды тазартудан гөрі, осы тау жынысының дұрыс қатынасы бар арнайы шунгит картридждерін сатып алуды ұсынамын».
Медицина ғылымдарының кандидаты Наталья Бочкова шунгит қосылған сусабындар, маскалар мен кремдер тері ауруларын емдеуде тиімсіз екенін атап өтті. «Айтарлықтай қабынуға қарсы, тазартатын, кератолитикалық әсер болмайды. Себебі шунгиттің медицинада қолдануға болатын антиоксиданттық әсерінен басқа құндылығы жоқ».