Fake News

Ақша үшін аударымдар жасау – Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық схема туралы ескертті

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды ірі қылмыстық схемаларға тарту жағдайлары туралы ескертеді. Онлайн-алаяқтар қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін қазақстандықтардың банк карталарын пайдаланады.

ҚМА хабарлауынша, басқаға көмектескісі келген азаматтар қаржылық операциялар жүргізу үшін жеке банк карталарын ұсынады. Бұл ретте, олар «дроп» болу қаупін ескермейді.

«Ақша кибер құқықбұзушылықтардан немесе есірткі және адам сату сияқты қылмыстық схемалардан тартылуы ықтимал.

ҚМА жүргізген талдауына сәйкес, есірткі сатумен байланысты схемаларда жалпы айналымы 22 млрд теңге болатын 30 мың банк картасы пайдаланылған.

Мұндай заңсыз схемаларға қатысу тұлғалардың мүлкін тәркілеу, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік сияқты ауыр салдарға әкеледі», – деп хабарлады ведомстводан.

ҚМА соңғы зерттеулеріне сәйкес, қаржылық қиындықтарға тап болғандардың, атап айтқанда жұмыссыздар, студенттер және әлеуметтік осал топ өкілдерінің алаяқтардың жеңіл жолмен оңай олжаға кенелу уәделеріне сеніп, «дроп» болып қалу қауіпі жоғары екені анықталды.

Мәселен, Астана мен Қарағанды қаласының студенттері және теміртаулық 64 жастағы зейнеткер «дроп» ретінде Telegram-дүкенінде есірткі сатудан алынған ақшаны жылыстату схемасына қатысқан. Олардың шоттары арқылы 100 млн теңгеден астам қаржы өткен. Бұл наркошоптың жалпы айналымы 2 млрд теңгеден асқан.

Тағы бір жағдайда Алматыда 20 жастағы студенттің картасы пайдаланылып, оның шотына 900-ден астам адамнан 22,5 млн теңге түскен. Аударымдар 7.5 мыңнан 15 мың теңгеге дейінгі аралықта болған, бұл сомалар есірткі заттарының бір реттік дозаларының құнына сәйкес келеді. Кейіннен бұл ақша құқық бұзушылардың крипто-әмияндарына шығарылды.

«Құрметті азаматтар! Онлайн диалог арқылы бейтаныс азаматтар немесе компанияның өкілдері хабарласып, шотыңызға сыйақыға ақша аударып, есесінен оңай ақша табуды ұсынған жағдайда қырағылық танытып, өзіңізді қылмыстық схеманың мүшесі болудан сақтаңыз», – деп ескертеді Қаржылық мониторинг агенттігі.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button