Fake News

Фейк: «Вакцинацияланған адамдардың денесінен наноқұрылымдар табылды»

Қазақстандықтар егілген адамдардың денелерінде белгісіз наноқұрылымдар табылды деп айтылған видеоны таратуда. Бұған дәлел ретінде вакцинацияланған адамдардың денесінде «электр процестері» жүретіні туралы әр түрлі зерттеулер мен тезистер келтіріледі. Бұл тұжырымдарды талдап, оның неге өтірік екенін түсіндірейік.

Алдымен осы теорияның авторлары туралы қысқаша айтып өтейік. Оны натуропат Ариана Лав айтқан. Натуропатия медицинаның саласы емес және псевдоғылым деп танылған.
Натуропаттар медициналық университеттерді бітірмейді, демек, тиісті білімі жоқ. Олар пациенттерге ұсынатын емдеу әдістері көбінесе ғылыми негізделмеген және тиімсіз болады.
Ариана Лав та солардың бірі. Медициналық білімнің болмауына қарамастан, ол ғылымға қарсы идеяларын алға тартып, COVID-19 пандемиясы мен осы ауруға қарсы вакциналар туралы ашық өтірік айтады. Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында ол вакцинация «генді жояды» және қауіпті вирустардан тұрады деп мәлімдеді. Мұны грек фактчекерлері егжей-тегжейлі талдап, жоққа шығарды. 
Стю Питерс шоуының эфирінде ол өз идеяларымен бөлісті. Бұл да сенімді ақпарат көзі емес. Бағдарламаның жүргізушісі және негізін қалаушы ультра оңшыл идеяларды насихаттайды, кейбір билік өкілдерін өлтіруді ұсынады және әртүрлі псевдоғалымдар мен covid-диссиденттерді шақырады. Осыған байланысты оның шоуларын танымал платформаларда көрсету тоқтатылды.
Мұның бәрі айтылған идеяларға деген сенімді жоғалтады, дегенмен, оларды егжей-тегжейлі талдап шығайық.
Ариана Лав, вакцинацияланған адамдардың денелерінде наноқұрылымдардың бар екендігі туралы теориясын дәлелдей отырып, нанотүтіктерге қатысты бірқатар зерттеулерді келтіреді. Бірақ олардың барлығы 2020 жылға дейін, яғни COVID-19 қарсы вакциналарды әзірлеу жұмыстары басталғанға дейін жүргізілді. Сонымен қатар ол атап өткен зерттеулердің ешқайсысында вакциналар туралы ештеңе айтылмаған.

Сондай-ақ, зерттеулерде сипатталған кейбір технологиялар медицинада немесе ғылымның басқа салаларында әлі қолданылмайтыны да маңызды.
Жалпы алғанда, нанотүтікшелерді зерттеу фактісі олардың COVID-19 қарсы вакциналарда қолданылатындығын дәлелдемейді. АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының ресми сайтында «нанотүтікшенің» сұранысы бойынша 22 987 зерттеуді табуға болады. Олар 1993 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жүргізілген.
2021-2022 жылдардағы кейбір зерттеулерде ғалымдар нанотүтікшелерді иммунологияда қолдануға болатыны туралы теориялық тұжырым жасайды. Алайда, біріншіден, бұл технологиялар осы салада қазірдің өзінде қолданылып жатыр, екіншіден, нанотүтікшелер COVID-19 қарсы вакциналарда бар деп бірде-біреуінде айтылмаған. 

Демек, ескі ғылыми зерттеулердің тақырыптарын ретсіз атауды вакцинацияланған адамдардың денелерінде наноқұрылымдардың бар екендігінің маңызды дәлелі деп санауға болмайды.
Ариана Лавтың денедегі наноқұрылымдардың салдарынан вакцинацияланған адамдардың денесінде электр импульстар пайда болатындықтан, олар ультракүлгін сәулеленуден зардап шегеді деген тұжырымдары ғылымға қарсы.
Электр импульстар егілген-егілмегеніне қарамастан кез-келген тірі адамның денесінде болады. Олар жүрегіміздің соғуына, бұлшық еттердің жиырылуына, мидың жұмысына әсер етеді.
Ультракүлгін сәулеленуге келетін болсақ, оны да бәрі сезіне алады. Есесіне, адамдар ғана емес, жануарлар мен өсімдіктер де. Ультракүлгін сәулеленудің негізгі көзі – күн. Күнге күю сияқты қарапайым құбылыс – әсер етудің, соның ішінде ультракүлгін сәулеленудің нәтижесі. Өздеріңіз білетіндей, күнге күюдің белгілері вакцинацияланбаған адамдарда да байқалады.
Сондай-ақ, фотодерматит немесе «күн аллергиясы» сияқты аурудың бар екені белгілі. Кейбір адамдардың терісі сезімтал келеді және күн сәулесінің астында ұзақ жүргеннің нәтижесінде тері қышып, бөртпелер шығып, тітіркенуі мүмкін. Айта кетейік, вакцинация бұл жерде де аурудың дамуына әсер етпейді.

Мұның бәрі Ариана Лавтың тезистері толығымен негізсіз және ғылыми фактілерге қайшы келетіндігін дәлелдейді. Сонымен қатар денесінде вакцинациядан кейін пайда болған наноқұрылымдардың бар екенін дәлелдейтін бірде-бір ғылыми зерттеу немесе өлмес бұрын егілген адамның аутопсиясы туралы ресми есеп жоқ.
Демек, таратылған хабарлама – фейк.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button