Манипуляция: «Тұмауға қарсы егілгендер 630% артық вирустық бөлшектер таратады»
Қазақстандықтар Мэриленд институтының 2017 жылы жүргізген зерттеуі туралы хабарламаны таратуда. Ғалымдар тұмауға қарсы вакцина алғандар екпе жасатпағандарға қарағанда патогендерді көп таратады деген қорытындыға келген екен. Бұл манипуляция.
Қазнет қолданушылары жазып отырған зерттеудің бар екені рас. Бірақ онда вакцинацияланғандардың «жұқпалы» екенін анықтау туралы емес, олар тыныс алғанда деммен сыртқа шығаратын аэрозоль бөлшектерінің таралуы туралы айтылған.
Зерттеуге ЖРВИ белгілері бар 355 ерікті қатысқан. Оларды іріктеу барысында тұмауға қарсы екпе жасатуы, бойы, салмағы, жынысы, жалпы денсаулық жағдайы маңызды болған жоқ, дегенмен, қорытынды нәтижелерде көрсетілген.
Зерттеу кезінде ғалымдар ЖРВИ-мен немесе тұмаумен ауыратын адамның аэрозоль бөлшектері қандай жағдайда және қандай қашықтыққа таралуы мүмкін екенін зерттеді. Сонымен қатар, олар РНҚ вирустарын анықтау үшін ПТР әдісімен шығарылған ауа үлгілерін талдады.
Анамнезінде тұмауға қарсы вакцинаның болуы мен тыныс алғанда шығарылатын бөлшектер санының өзара байланыстылығы екпе жасатқандардың ауру жұқтыруы мүмкін екендігінің дәлелі бола алмайтыны туралы зерттеу авторларының өздері де жазған.
– Қайта егілу мен вирустық аэрозольдердің артығымен пайда болудың арасындағы байланысты бақылау біздің әдісіміздің тиімді екендігін көрсетті, бірақ бұл растауды қажет етеді, – делінген сипаттамада.
Демек, тұмауға қарсы егілген адам белсенді түрде патогендер тарата бастайды деген тұжырым манипуляция болып табылады. Мұндай қорытынды жасау үшін іріктеуде еріктілер тым аз болған және зерттеудің мақсаты вакцинация мен вирустарды тарату ықтималдылығының арасындағы байланысты анықтау емес еді.