Дәлелсіз: «Қалампыр мен лавр жапырағы аяқтың ауырсынуын емдейді»
Танымал Instagram аккаунтта құрғақ қалампыр мен лавр жапырағынан тұратын рецепті талқылануда. Егер бұған зәйтүн майы мен сарымсақ қоссаңыз, бұл аяқтағы варикозды емдеуге көмектеседі екен. Алайда, халықтық дәрі буын аурулары мен тамырдың ісінуінен құтқармайды. Бұл туралы төменде оқыңыздар.
Қалампыр – мирт тұқымдасына жататын тропикалық мәңгі жасыл ағаш. Дәмдеуіш ретінде оның гүл бүршіктері қолданылады. Ол хош иісті және дәмі өткір. Үй жағдайында оны ет тағамдарына дәмдеуіш ретінде жиі қосады. Нан өнімдеріне қалампыр қосқанды ұнататындар да бар. Сонымен қатар, дәмдеуіш парфюмерия мен медицинада қолданылады.
Қалампырдың құрамында дәрумендер мен құнды биологиялық заттар көп. Бета-каротин де бар. Дәмдеуіштерді қолдану денсаулыққа жақсы әсер етеді. Бұл қабынуды, жүрек-қан тамырлары аурулары мен жаралардың пайда болу қаупін азайтады, бауыр қызметін жақсартады. Қалампыр майы тіс ауруын жеңілдетеді.
Дегенмен, кез келген дәмдеуіш сияқты қалампыр да ағзаға зиян тигізуі мүмкін. Оны қанды сұйылтатын дәрілермен бірге қолдануға болмайды. Қалампырдың көп мөлшері гипогликемия тудырады – бұл қандағы глюкоза концентрациясының төмендеуі. Көп мөлшерде қалампыр майы бауырды зақымдап, аллергия тудыруы мүмкін.
Қалампырдың буындарды немесе тамырларды емдеудегі тиімділігін дәлелдейтін бірде-бір зерттеу жоқ. 2021 жылы ревматоидты артриті бар егеуқұйрықтарда зерттеулер жүргізілді. Оның барысында қалампыр мен зімбір майы қолданылды. Нәтижесінде, зімбір майының артритті емдеуде әлеуеті зор екені анықталды, қалампыр екінші орында. Бірақ одан әрі тәжірибе жануарларда да, адамдарда да жүргізілген жоқ.
Лавр жапырағы лавр ағашынан алынады. Өсімдік сәндік мақсатта және тамақ дайындауда пайдалану үшін өсіріледі.
Лавр жапырағы иммундық жүйемізге пайдалы, өйткені оның құрамында А, В6 және С дәрумендері бар. Лавр жапырағынан бұқтырылған шай асқазанның бұзылуын жеңілдетеді және мұрын бітелуін жеңілдетеді.
Лавр жапырағы бірқатар ауруларды емдеуде пайдалы деп айталатындай зерттеулер аз жүргізілген.
Буындар неге ауырады? Оның бірнеше себебі бар. Көбінесе бұл артриттің салдарынан болады.
Буындардағы ауырсынуды толығымен жою мүмкін емес, оны дәрі-дәрмектермен және жаттығулар жасау арқылы бақылау керек. Егер ауырсыну артриттен туындамаса, массаж жасап, жылы ваннаға түсуге болады.
Варикозды тамырлар да ауыр дерт болып саналады. Ол дененің кез келген бөлігінде пайда болуы мүмкін, бірақ көбінесе аяқта болады. Дәрігерлер емдеудің бірнеше әдісін ұсынады. Оның ішінде жақпа да, қалампыр мен лавр жапырағын қолдану да жоқ.
Калабар университетінің ортопедия және травматология профессоры Икпеме фактчекер Africa Check порталына лавр жапырағы мен қалампырға қатысты зерттеулерді көрмегенін айтты. Оның пікірінше, оларды ойсыз пайдалану денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін.
Интернетте жарияланған рецептілерге сенбеңіз. Аяқтың ауырсынуын басу үшін қандай да бір дәмдеуіштерді немесе шөптерді қолданар алдында дәрігермен кеңескен дұрыс. Буын аурулары немесе варикоз кезінде қалампыр мен лавр жапырағының тиімділігін растайтын бірде-бір нақты ғылыми зерттеу жоқ.