Fake News

Фейк: «I Петр Санкт-Петербургті салмай, оны қазып шығарған»

Желіде Петербург бұрын су басып, қалпына келтірілген қала деген теория тарады. I Петр оны салмай, қазып шығарған, мұны растайтын карталар, олжалар мен суреттер де бар екен. Таралған ақпарат – ойдан шығарылған және жалған.

Санкт-Петербургтің құрылысымен байланысты мифтер мен аңыздар көп. Ал тарихқа үңілетін болсақ, қаланың қалай пайда болғаны бірден түсінікті болады.

1300 жылы шведтер  Петр қаласының қазіргі аумағында Ландскрон бекінісін салған. Бір жылдан кейін оны орыс әскерлері қиратқан. 1611 жылы дәл сол жерде Швецияның Ниен қаласының басты бекінісі – Ниеншанц бекінісі салынады. Бұл кеме жүретін бірнеше өзен тоғысқан теңіз маңындағы ірі сауда орталығы болды.

1703 жылы I Петр Солтүстік соғыс кезінде Ниен қаласын басып алады. Бір қызығы, 1712 жылы Санкт-Петербург Ресей астанасына айналады, бірақ ресми түрде Швеция аумағында орналасады. Барлық хаттамалық шарттар тек 1721 жылға қарай орындалды. Осы кезде Петр қаласы Ресейге қосылды.

Санкт-Петербургтің құрылысы 1703 жылғы 16 мамырда (жаңаша 27) қолға алынды. Оның тарихы Қояндар аралындағы ағаш Петропавл бекінісінен бастау алады. Ғалымдар Ресейдің солтүстік астанасы салынғанға дейін аумақта не болғанын анықтамақ болады. Археологтар топырақтанушылармен бірге алғашқы бекіністің топырағы мен қалдықтарын зерттеген. Бұл жерде бір кездері елді мекендер болған екен. Санкт-Петербургтің көп бөлігі батпақта емес, өте құрғақ жерде орналасқан.

Санкт-Петербург Мемлекеттік тарих мұражайының бас ғылыми қызметкері Марина Логунованың айтуынша, Ресейде алғаш рет қала құрылысы кезінде типтік құрылыс тәжірибесі енгізілді. Петр еуропалық құрылыс принциптерін, өз білімін және өз кітапханасындағы шетелдік кітаптарды қолданған. Санкт-Петербургтің Қала құрылысы және сәулет комитеті жарияланған зерттеуде Витрувий, Палладио, Скамоцци, Виньоланың теориялық трактаттары сәулетші патшаға жұмыста маңызды көмек болғандығы атап көрсетілген.

«Петр кітапханасындағы құрылыс пен сәулет өнеріне арналған кітаптардың көбі жұмыста пайдаланылған – олардың беттерінде белгілер, жазулар, сол кездегі орыс тіліндегі шетелдік мәтіндердің аудармалары бар. Кейбір парақтары тозған. Тіпті, өте құнды томдардың төменгі жақтарында да Петрдің қолының іздері қалып қойған, саусақтарының ұзын іздері бар», – делінген зерттеуде.

Солтүстік астананы жалдамалы, басыбайлы және мемлекеттік шаруалар тұрғызған. Қала 14 жылдан астам уақыт бойы салынып, оған 300 мыңға жуық адам тартылған.

Бастапқыда құрылыс баяу жүрді. Петрге Санкт-Петербургтен басқа жерлерде тастан үйлер мен ғимараттар салуға тыйым салуға тура келді. Нәтижесінде барлық тас қалаушылар Нева қаласында жұмыс істеуге мәжбүр болды. Сондай-ақ бірінші Ресей императоры «тас салығын» бекіткен. Адамдар Санкт-Петербургке әкелінген әрбір тастың белгілі бір мөлшерін беруге немесе қомақты айыппұл төлеуге мәжбүр болған.

I Петр қаланың қазып шығарғанын растайтын суреттердің Санкт-Петербургке ешқандай қатысы жоқ. Олардың бірінде Ұлы Отан соғысы жылдарында қиратылған Петр резиденциясы – Петергофтың жанындағы жұмысшылар бейнеленген. 1941 жылдың қыркүйегінен 1944 жылдың қаңтар айының соңына дейін Ленинград маңын жау басып алады. Петергоф музейлеренің бас кураторы М. А. Тихомированың естеліктеріне сәйкес, Сарай снаряд түсіп, өртенген. Нацистер оны сөндіруге тыйым салған. Ал жанбай қалған дүние тоналған.

Екінші фотосуретте 1924-1932 жылдары Римдегі Via dei Fori Imperiali даңғылының құрылысы көрсетілген. Қазіргі заманғы көше ежелгі императорлық форумдардың қазба жұмыстарының үстінен салынған.

Дәлелдердің барлығы Санкт-Петербургті І Петр салғанын көрсетеді. Ресейдің солтүстік астанасы су басып, қалпына келтірілген қала деген болжамды растайтын бірде-бір ғылыми зерттеу жоқ. Олай болса, әлеуметтік желілердегі хабарлама – фейк.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button