Қазақстанда COVID-19 екінші толқыны болып жатқан жоқ
Желі қолданушыларын Қазақстанда коронавирустық инфекцияның екінші толқыны басталды ма деген сұрақ мазалайды. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті инфекцияны жұқтыру жағдайларының жиілеп кетуіне қарамастан, елімізде індеттің екінші толқыны туралы айтылып жатпағанын хабарлады.
Ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев соңғы аптада Қазақстанда ауырғандардың саны артып келе жатқанын айтты. 26 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда КВИ жұқтырудың 142 жағдайы тіркелді, 91 адам сауығып кетті. Жалпы, елімізде COVID-19 жұқтырған 110 684 жағдай тіркелді. Оның 105 766-ы індеттер толықтай жазылды.
– Біз екінші толқынға дайындалып жатырмыз, бірақ ол басталды деп айту әлі ерте. Егер біз жағдайдың Еуропадағыдай нашарлағанын қаламасақ, онда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауымыз қажет. Маска тағып, қашықтықты сақтап, антисептик қолданыңыз, адамдар көп жиналатын жерлерге бармаңыз. 65 жастан асқан адамдар үйде отыруы керек, – деді Ержан Байтанаев.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті пневмониямен сырқаттанушылық жағдайын бақылауда. Соңғы тәулікте елде 10 оқиға тіркелді, бір адам қайтыс болды. Өткен тәулікте 17 адам сауығып кетті. 1 тамыздан бастап Қазақстанда пневмонияға шалдығудың 36 931 жағдайы тіркелді, оның ішінде 395 адам қайтыс болды, 28 548 адам жазылып шықты.