Дәлелcіз: «Facebook жаппай кісі ұрлауды жасырмақ»
Қазнетте алаңдатарлық ақпарат тарады. Онда бұрын Facebook деп аталған Meta компаниясы әлеуметтік желі парақшаларын қайтыс болған адамдар үшін жүргізуге мүмкіндік беретін «Лазарь» жобасын қолға алды делінген. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, бұл технология арқылы жаппай кісі ұрлау мен өлтіруді жасыруға болады, ал олардың достары мен таныстары бұл туралы білмей қалады.
Ақпарат жоба туралы айтқан Meta компаниясы қызметкерінің атынан жазылған. Оның айтуынша, жоба жасанды интеллект жұмысына негізделген, ол адамның поштасындағы фотосуреттер мен видеоларды өңдеу арқылы пайдаланушы қайтыс болғаннан кейін оның атынан аккаунтын жүргізуді жалғастыра алады. Мұндай технология марқұмның жақындарына қайғыны жеңуге көмектеседі екен. Алайда, хабарлама авторы бұл қылмысты жасыруға да жол ашады деп жазады. Өйткені, әлеуметтік желідегі парақша белсенді түрде жаңартылып отырса, онда оның жүргізіп отырған адамның жоғалып кеткеніне ешкім күдік келтірмейді.
Кілт сөздермен іздегенде осы хабарламаның дереккөзі анықталды. Ол 2023 жылғы 23 ақпанда 4Chan анонимді форумында шыққан. Бұл ретте хабарлама авторы өзі сипаттаған жобаның нақты бар екендігіне ешқандай дәлел келтірмеген. Сондай-ақ автордың Meta компаниясында жұмыс істейтіні де расталмайды.
Ашық дереккөздерде «Лазарь» жобасы немесе Meta-ның қайтыс болған адамдарды «тірілту» технологиясын әзірлеу жоспарлары туралы ақпарат жоқ.
Сондықтан форумда жарияланған ақпаратты растау мүмкін емес.
Желіде жасанды интеллекттің көмегімен марқұмды «тірілтуге» мүмкіндік беретін бірнеше жобалар туралы айтылады. Алайда, олардың ешқайсысы Facebook-те парақшалар жүргізуді көздемейді. Мұның орнына компаниялар қайтыс болғандардың сырт келбеті мен сөйлеу мәнерін көшіретін дипфейк пен чат-бот технологиясын қолданады. Мұндай қызметтер ақылы және оның туыстары мен достарының сұрауы бойынша жасалады. Яғни, осындай технологияның көмегімен адамдарды жаппай ұрлаудың байқалмауы мүмкін емес.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, Meta компаниясы әзірлеген «Лазарь» жобасының бар екеніне ешқандай дәлел жоқ. Ақпарат анонимді дереккөзден алынған және онда ешқандай нақты растаулар жоқ.