Өтіріктің ішіндегі өтірік: алаяқтарды жазалаймын деп тағы да алданып қалмаңыз
Егер алаяқтарға алданып қалған кезіңіз болса, мұның қаншалықты өкінішті жағдай екенін білесіз. Ашуға беріліп, ренжисіз, ызаланасыз, қалай болса да алаяқтарды тауып, жазалағыңыз келеді. Онлайн алаяқтар осы эмоцияларды пайдалана отырып, құрбандарын тағы да алдаудың жолын тапқан екен. Оның қалай болатынын айтып берейік.
Кибер алаяқтықтың схемалары өте көп. Олар өздерін банк қызметкерлеріміз, танысуға арналған сайттардағы біреу, биржалық брокерлерміз және т.б. деп таныстырады. Алаяқ рөлін шебер ойнап, адамды құрығына түсірсе, оның арты немен аяқталатыны белгілі. Ол ұрланған ақшаны қалтасына басады, ал жәбірленуші алданғанын түсініп, ашуға беріледі.
Осы кезде алаяқтар тағы да әрекет етуі мүмкін.
Бұл жолы олар «Халықаралық заңгерлер» болып шығады. Қылмыскерлер алданған адамға өздері қоңырау шалып, оның жағдайын түсінетіндіктерін және жалғыз ол емес, басқа да алданған адамдар барын айтады. Осындай алаяқтардан зардап шеккендер бүкіл әлемде бар. «Қазір Халықаралық заңгерлер тобы қылмыскерлерді жазалап, ақшаны алданған адамдарға қайтару үшін сотқа ұжымдық талап-арыз дайындап жатыр», – дейді жалған заңгерлер үміт отын жағып. Әрине, «қорғаушылар» қызметтері тегін емес екенін айтады. Ал бойын ашу мен ыза кернеген жәбірленуші аталған соманы төлеуден тартынбайды және ұрланған ақшасы қайтарылатынына сенеді. Бірақ олай болмайды. Ақшаны алғаннан кейін «халықаралық заңгерлер» де алаяқ болып шығып, ізін суытады.
Алайда, мына маңызды жағдайларға назар аудара отырып, осындай алаяқтардан сақ бола аласыз:
– Заңгерлер сізді өздері табады.
Нағыз заңгерлер мен адвокаттар кімнің зардап шеккенін, қылмыстың қайда және қашан жасалғанын білмейді. Олардан көмек сұрап, жәбірленушінің өзі хабарласып, болған жағдайды айтып беруге тиіс. Келісімшартқа онлайн түрде қол қоймаңыз. Мұндай құжатты зиянкестер оңай қолдан жасай алады. Заңгерлермен барлық ресми құжаттарға жеке кездесу кезінде және адвокаттардың кеңсесінде қол қойған жөн.
– Басқа заңгерлер көмектесе алмайды дейді.
Сізге әлемде заңгерлердің бір ғана тобы көмектесе алатындығы туралы сөзге күмәнмен қарауыңыз керек. Алаяқтар олардың командасы осы іспен көптен бері айналысып келеді, ұжымдық сот ісін нақ солар дайындап жатыр, сондықтан басқалардан көмек сұраудың мағынасы жоқ деп айтуы мүмкін. Шындығында, сіз өз қалауыңызша басқа заңгерлермен кеңесіп, лайық деп тапқан маманның қызметін таңдауға құқылысыз. Біреудің сізге таңдау құқығынсыз қызмет көрсетуге деген ұмтылысы көбінесе алдаудың белгісі болып табылады.
– Ойлануға уақыт бермейді.
Қоңырау шалушылар талап-арыздың дайын және сотқа жолданғалы тұрғанын айтады. Осыдан кейін алаяқтарды жазалау мүмкіндігі болмайды, сондықтан тез арада шешім қабылдауыңыз керек: не «заңгерлердің» қызметіне ақы төлейсіз, не болмаса алаяқтар иемденіп кеткен ақшаны қайтару мүмкіндігін жіберіп алып, өкінесіз. Мұндай тактика жәбірленушінің ойланып әрекет етуіне және жағдайды сыни тұрғыдан бағалауына жол бермеу бермеуге бағытталған. Егер шешім қабылдауға асықтырса, бұл алаяқтар болып шығуы мүмкін.
Егер онлайн алаяқтардың құрбаны болсаңыз, белгісіз заңгерлердің көмегіне жүгінуге асықпаңыз. Алдымен жағдайды бағалаңыз, егер жоғарыда аталған маңызды жағдайлардың кем дегенде біреуін байқасаңыз – әңгімені тоқтатып, берген уәделеріне сенбеңіз.