ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Халық заңгері» республикалық акциясының атауын пайдаланып, әрекет ететін алаяқтар туралы ескертуде. Көмек көрсеткендей болып, олар сенімді азаматтарды жеке мәліметтерін белгісіз сайттарда қалдыруға итермелейді.
Алаяқтар жалған бейнероликтерді интернетте таратып, Қазақстан азаматтарының басым көпшілігін адастыруға ұмтылуда. Жасанды интеллект технологиясымен жасалған бұл материалдар мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратылуда.
«Алаяқтар адамдарды ақылы негізде адвокатпен байланысу үшін сілтемелерді басуға және жеке мәліметтерін беруге үгіттейді.
Бейнежазбалар монтаждық кадрлардан құралып, жалған дыбыстық сүйемелдеумен бірге жүреді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Халық заңгері» акциясы аясындағы барлық заң консультациялары тегін негізде берілетінін еске салады. Бұл азаматтық қоғамды дамытуда, құқықтық сауаттылықты арттыруда және халыққа заңгерлік көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады», – делінген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында.
Айта кету керек, «Халық заңгері» республикалық акциясы тек офлайн форматта өткізіледі.
«Халықты жалған ақпараттарға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, сондай-ақ қаражат аудармауға шақырамыз.
Осындай қоңыраулар мен таратылымдарды алған жағдайда, осы фактілер туралы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына дереу хабарлауды сұраймыз», – дейді ведомство өкілдері.