Фейк: «COVID-19 қарсы вакцинация өлімге әкеледі»
Қазнетте Германияда 38 жастағы әйелдің COVID-19 қарсы вакцинаның салдарынан қайтыс болды деген хабарлама тарады. Шын мәнінде, бұл фейк.
Бриттани Рей Гартонның екі фотосуретінің коллажы алғаш рет 2024 жылдың 4 наурызында «Ковид БК» Telegram арнасында жарияланған. Фотосуреттердің бірінің астында әйелдің вакцина салдырғаны, екіншісінде оның қайтыс болғаны туралы жазылған.
Бриттани Рей Гартон 2021 жылдың 23 наурызында коронавирустық инфекцияға қарсы егілген. Ол естелікке суретке түсіп, әлеуметтік желідегі парақшаларында «Бүгін маған Билл Гейтстің 5G микрочипі имплантацияланды! Оны іске қосу үшін 3 аптадан кейін оралуым керек! Бойымда қандай керемет қасиеттер пайда болады екен? Шын айтсам, бұл тез, оңай және тегін. Бұл бәрімізге қалыпты өмірге оралуға көмектеседі» деп әзілдеп жазған. 2024 жылғы 28 ақпанда Бриттанидің отбасы оның қайтыс болғанын хабарлады. Қазанамада бұған «органдардың жұмысының тоқтауы» себеп болды делінген. Өлімнің иммундауға қатысы бар деп айтылмаған.
Сондай-ақ, 4 наурызда «Ковид БК» филиппиндік актриса Жаклин Хосе қайтыс болғанын хабарлады. Жұлдыз 59 жасында көз жұмған. Туыстарының айтуынша, өлімге жүрек ұстамасы себеп болған. Бірақ канал авторы оны тағы да вакцинациямен байланыстырған.
24 ақпанда бразилиялық ди-джей Нега Глисия дүниеден өтті. Ол 46 жаста болған және вакцинацияланған. Диагнозы – «ми аневризмасы». 5 наурызда бұл ақпарат коллажбен «Ковид БК» арнасында шықты. Алайда, оның өлімінің вакцинациямен байланысты екендігі туралы ешқандай ақпарат болған жоқ.
Бұл арнада иллюстрация ретінде коллаждар қолданылған осы сияқты хабарламалар үнемі жарияланады. Автор өлім себептері әртүрлі болса да, тек егілгендерге ғана назар аударады.
Адам өлімі күнде болады. COVID-19 пандемиясына байланысты адамдардың басым бөлігі егілген. Әрине, вакцинацияланғандар қайтыс болады. Бірақ бұл өлімге вакцинация себеп болды дегенді білдірмейді. Бұған ғылыми дәлел жоқ.
«Ковид БК» арнасының авторы пайдаланушыларға жалған ақпарат беріп, олардың өміріне қауіп төндіріп отыр. SARS-CoV-2 вирусынан 7 миллионнан астам адам көз жұмды. Бүгінгі күні тек вакцинация ғана балалар мен ересектерді қауіпті инфекциялардан қорғай алады.