Фейк: «Ақылды қалалар» халықты бақылау үшін енгізіледі»
«Ақылды қала» азаматтардың қауіпсіздігі әрі қолайлы болуы үшін емес, тыңшылық жасап, болашақта адамдардың құқықтарын шектеу үшін енгізіліп жатыр. Оңтүстік Австралия сенаторы Алекс Антич осындай пікірін білдірді. Оның сөйлеген сөзінің видеосы Қазнетте тарады. Саясаткердің айтуынша, «ақылды қала» – бұл толық бақылау жасау жүйесі. Бұл рас па? Анықтайық.
БҰҰ болжамынша, 2050 жылға қарай әлем халқының үштен екі бөлігі қалаларда тұрады. Халық санының өсуі көптеген ірі әлемдік державалардың билігін салдарын күтпей, проблемаларды қазірден бастап шешуге ынталандырады.
«Ақылды қала» идеясын 1990 жылдардың соңында International Business Machines Corporation ұсынды. Оны жасаушылардың идеясы бойынша, бұл нақты уақыт режимінде технологиялар мен деректерді жинау, өмір сүру сапасы мен қалалық қызметтердің тиімді қызметін қамтамасыз ететін қалалық аймақ. Ақылды қала жүйесі көлік, энергетика және инфрақұрылым сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен заттар интернетін қолдана отырып, қалалық ортаның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
UniSA зерттеушісі Шади Шаян «ақылды қалаларға» маманданған. Ол «ақылды қала» тұжырымдамасы әлі де дамып келе жатқанын, әмбебап анықтама жоқ екенін атап өтті. Бірақ жүйе енгізілген жерде қалалық инфрақұрылым жақсаратыны сөзсіз.
Мысалы, Сингапур ақылды қоғамдық көлігімен танымал. Амстердамда ақылды энергетика және қалдықтарды ақылды басқару дамуда. Кореяның Сеул қаласында қызметтерді жақсарту үшін датчиктер желісі құрылды.
Қалалардың қазіргі қасіреті – жол кептелісі. Барселона мен Токиода жолдарда «Ақылды қала» жүйесінің арқасында кептеліс азайып, қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етілді.
Австралияда технология барлық муниципалитеттерде енгізілуде. Үлгі аларлық жеті «ақылды қала» жобасы белгілі. Жүйенің пайдалы функцияларының қатарына бос автотұрақтарды тексеру мүмкіндігі, қарт адамдарға жолдан өтуге көмектесетін қозғалыс датчиктері және муниципалитетке қоқыс жәшіктерінің толып кеткені туралы ескертетін датчиктер жатады. Атап айтқанда, Австралияның солтүстігіндегі Дарвин қаласында ақылды сыртқы жиһаз пайда болды – бұл күн сәулесімен жұмыс істейтін орындықтар, сонымен қатар ақылды көше шамдары – энергияны үнемдейтін жарықдиодты қондырғылар.
Демек, әлемдегі ең кішкентай материкте орналасқан «ақылды қалалар» зияткерлік технологияларды жауапкершілікпен және шығармашылықпен қолданудың арқасында өз азаматтарына бұрынғыдан жүз есе тиімді қызмет көрсетеді. Ешкім халықтың құқықтарын шектемейді және олардың қозғалысын бақыламайды. Алекс Античтің мәлімдемесі фейк деуге болады.
Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар