Қазақстан прокуратурасының АҚШ-та тіркелгені туралы хабарламалар – фейк
Әлеуметтік желілерде Тараз прокуратурасының бланкісімен жүргізілген эксперимент көрсетілген бейнеролик жарияланды. Видео авторлары камераны штрих-кодқа жақындатқанда смартфон экранында бұл кодтың АҚШ-та тіркелгені туралы ақпарат шығады. Соның негізінде олар Қазақстан прокуратурасының америкалық компанияға қатысы бар деген қорытынды жасайды.
Алайда, авторлар маңызды бір жайтты ескермеген: олар штрих-кодты тауар ретінде қабылдайтын және ақпаратты өз алгоритміне сәйкес ұсынатын тауарлар қосымшасын қолданған.
Деректерді дұрыс тану үшін тауарлардың түпнұсқалығын тексеруге арналған стандартты сканерді емес, кодталған ақпаратты оқитын арнайы бағдарламалық жасақтаманы пайдалану керек.
Демек, ролик авторларының тұжырымы дұрыс емес, өйткені қателік технологияны дұрыс пайдаланбау салдарынан болған.
Қазнетте ҚР Бас прокуратурасы америкалық компания екендігі туралы фейк 2021 жылдың қазан айында тараған болатын. Қазақстандық фактчекер Factcheck.kz бұл жалған ақпаратты жоққа шығарды.
Сол жылдың желтоқсан айында осындай фейк Ресейде шықты. Онда штрих-кодты қолдана отырып, адамдар ІІМ қызметкерлерінің куәліктерін тексеріп, оларды Америкада жұмыс істейді деп айыптаған. Бұл мифті Lenta.ru порталы жоққа шығарды.