Фейк: «Ата-аналар балаларын аутист етеді»
Қазақстандық Telegram-чаттарда«Ата-аналар балаларды қалай аутист етееді» деген қосымша ақпаратпен Хайди Стивенсон есімді адамның мақаласын таратуда. Мақала авторы жүктілік кезінде және бала туғаннан кейін бірнеше ай ішінде түзетілмейтін әрекеттер жасап, өз баласын аутист еткенін айтады. Іс жүзінде ол сипаттаған әрекеттердің бәрі бірдей баланың аутистік бұзылуына әкелмейді. Күнделікті жағдайлардың зиянсыздығын түсіну үшін бұл себептердің әрқайсысын талдап шығайық.
Аутизм спектрінің бұзылуы немесе аутизм – бұл жүйке жүйесі дамуының бұзылуы. Бұл бұзылулар қарым-қатынас пен әлеуметтік өзара әрекеттесудегі айырмашылықтармен сипатталады. Әдетте, аутизм диагнозы ерте жаста, 12 айдан 24 айға дейін қойылады. Балада бұзылудың орын алуының абсолютті себебі жоқ. Зерттеулер көрсеткендей, аутизм генетикалық және экологиялық факторлардың үйлесуі нәтижесінде дамиды. Аутизмі бар адамдар мен олардың отбасылары үшін әртүрлі қиындықтарды шешуге бағытталған Autism Speak сайтында осы қауіп факторлары егжей-тегжейлі сипатталған. Генетикалық қауіп факторларына гендердің өзгеруі жатады. Олар сперматозоидта немесе жұмыртқада өздігінен немесе ерте эмбрионда пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар ата-ананың өзінде аутизм болмаса да, олар генетикалық өзгерістердің тасымалдаушысы болуы ықтимал. Сондай-ақ генетикалық тұрғыдан осы бұзылуға бейім адамдарда аутизм қаупін одан әрі арттыратын қоршаған қауіп факторлары бар. Ата-аналардың жасы, жүктілік пен босанудың асқынуы, мысалы, баланың шала туылуы немесе нәрестенің салмағының аз болуы. Бұдан басқа, сайтта аутизнің пайда болу қаупіне әсер етпейтін вакциналар туралы жазылғанын атап өткен жөн. Мұны дәлелдейтін көптеген зерттеулер жүргізілді.
Тәуекел факторының жоғарылауы аутизмге әкелмейтінін ұмытпаған жөн. Мұндай гендік өзгерістер бұзылуы жоқ адамдарда болуы мүмкін. Қоршаған ортаның қауіп факторларына ұшыраған адамдардың да бәрінде бірдей аутизм бола бермейді.
Енді гомеопат Хайди Стивенсон жазған мақаланы қарайық. Ол атап көрсеткен себептердің кейбірі қауіп факторларын арттырмайды.
Ультрадыбыс. Бірінші себеп ретінде Хайди Стивенсон жоғары жиілікті толқындарды қолдана отырып жүргізілген ультрадыбыстық зерттеуді атайды. Бүгінгі таңда бұл жүкті әйелдер үшін ең маңызды тексеру болып табылады. Ол арқылы ұрықтың физиологиялық дамуы және аноальді жағдайлар анықталады. Ультрадыбыс – бұл маңызды әрі қауіпсіз. Ультрадыбыс пен аутизмді егжей-тегжейлі зерттеу ультрадыбыстың қауіпсіз екенін дәлелдеді. Зерттеу барысында аутизм спектрінің бұзылуы (АСБ) және типтік дамуы бар науқастар тобы салыстырылды. Байқылау нәтижесінде ғалымдар мынаны анықтады: біріншіден, ауруы бар балалардың аналарының жасы әдеттегі дамуы бар балалардың аналарының жасынан жоғары болған. Екіншіден, АСБ тобында ультрадыбыстық зерттеу тереңдігі орташа болды. Бұл ретте ультрадыбыстың орташа әсер ету уақыты әдеттегі даму тобымен салыстырғанда АСБ топтарында төмен болды. Екі топтың арасындағы қалған ультрадыбыстық параметрлерде айырмашылық болмаған. Нәтижесінде сканерлеу санының немесе ультрадыбыстық әсер ету ұзақтығы мен аутизм спектрінің кейінгі бұзылуы арасында ешқандай байланыс табылған жоқ.
Жүгері шәрбатында фруктоза көп мөлшердболады, ол кейбір өнімдердің құрамында, мысалы, газдалған сусында, кәмпитте, йогуртта, консервіленген жеміс пен шырында, жармада болады. Бұл сироп жай қант сияқты зиянды емес. Яғни, ұрықта аутизмнің дамуына әкелмейді. Стивенсон жүгері сиропындағы сынаптың зияны туралы айтады. Шын мәнінде, қантты алмастыратын тағамдық қоспалардағы, соның ішінде құрамындағы фруктоза мөлшері жоғары жүгері сиропындағы сынап мөлшеріне қатысты зерттеу жүргізілді. Үлгілер үш түрлі өндірушіден алынды. Олардың құрамындағы сынап мөлшері бір грамм өнімге 0,005-0,012 мкг болған, яғни анықтау шегінен төмен. Демек, фруктозасы бар жүгері шәрбаты қосылған тағамдарды жеуге қауіпсіз, бірақ аз мөлшерде.
Ацетаминофен (парацетамол). Америкалық эпидемиология журналында жарияланған ацитаменофеннің аутизм спектрінің бұзылу қаупіне әсерін зерттеу жүкті әйелдердің препаратты тым жиі қабылдауы ұрықта AСБ даму қаупін арттыратынын растайды. Бірақ жоғары қауіп факторы бұзылудың абсолютті себебі бола алмайды. Сонымен қатар FDA парацетамолды немесе ацетаминофенді жүкті әйелдер үшін ауырсыну немесе безгекті басу үшін ең қауіпсіз дәрі-дәрмектің бірі деп санайды, бірақ аз мөлшерде және аз уақыт қабылдау керек.
Стивенсон төртінші себеп ретінде питоцинді атап өтеді. Бұл босануға әкелетін дәрі. Питоциннің аутизм қаупіне әсеріне қатысты бірнеше зерттеу жүргізілді. Олардың бірінің деректері босануды тудыратын препарат аутизмнің даму қаупін арттыруы мүмкін екенін көрсетті. Алайда питоцин ауруды басатын дәрімен бірге жиі қолданылады, оның ықтимал әсері де зерттелуде. Аутизмі жоқ балалардың 28%-ы және аутизмі бар балалардың 12%-ы туғанда препараттар қолданылмаған, бұл ретте әрбір топтың 72%-ы және 88%-ы туғанда тиісінше эпидуральды анестезия, питоцин немесе босану кезінде олардың комбинациясы қолданылған. Техас, Тринити университетінің зерттеуінен үзінді ұсынамыз:
«Босану кезінде асқынулар болғанда анаға питоцин мен ауырсынуды басатын дәрілер беру ықтималдығы артатындықтан, біз осы факторлардың әрқайсысы арасындағы байланыс тәуелсіз болды ма, әлде аралас әсер болды ма, соны анықтауға тырыстық. Сондықтан Tarone тестімен апостериорлық CMH өткізілді. Талдау нәтижелері босану кезіндегі асқынулар мен препараттардың әсері АСБ дамуына синергетикалық әсер еткенін көрсетті».
Яғни, питоциннің өзі бұзылыстың болуына себеп болмайды, бірақ қауіп факторларын арттыруы мүмкін.
Кесарь тілігі. Көптеген зерттеулер кесарь тілігі белгілі бір дәрежеде аутизмнің даму қаупіне әсер етуі мүмкін екенін растады. Стокгольм психиатриялық зерттеулер орталығының бұрын жүргізілген әртүрлі жұмыстарының мета-талдауы кесаревтиямен босану аутизм қаупінің 33% жоғарылауымен байланысты екенін көрсетті.
Антибиотиктер. Стивенсон мақалада антибиотиктерді АСБ даму себептерінің бірі деп атайды. Атап айтқанда, балаға ерте жастан антибиотиктер беру. Кейбір зерттеулер кең спектрлі антибиотиктердің нәрестедегі бұзылыстың дамуына әсерін растайды. Бірақ антибиотиктерді қолданғаннан кейін баланың психикалық жағдайының жақсарғанын дәлелдейтін де зерттеулер бар. Сонымен қатар автор айтып отырған амоксициллин бұзылуы бар баланың ахуалын жақсартқан жағдайлар да бар. Амоксициллиннен басқа, мақалада аугментин кең спектрлі антибиотигі туралы айтылады. Ол ағзада көп мөлшерде аммиак қалыптастыратын калий клавуланаты болғандықтан АСБ-ның пайда болуына әсер етееді екен. Бұл мәліметті ешқандай зерттеу растамайды. Сонымен қатар Мысырдың Асьют университетінің медицина факультеті шамамен бес жасқа толған балалардың ағзасында аммиак мөлшері дамуында бұзылысы жоқ балалардың ағзасына қарағанда әлдеқайда жоғары болатынын анықтады. Алайда аммиак деңгейінің жоғары болуының себебі анықталған жоқ. Демек, аугментин немесе аммиак қауіп факторларын арттырады деп нақты айту қиын.
Екпелер. Жоғарыда айтылғандай, екпелер аутизмнің даму қаупіне әсер етпейді. Мұны ДДҰ да растады, оның хабарлауынша, нәрестелерге арналған кез келген вакцина аутизмнің пайда болу қаупін арттыруы мүмкін екендігіне ешқандай дәлел жоқ.
Фтор. Қазіргі уақытта фтор АСБ дамуына әсер ететін қоршаған орта факторы болып саналмайды. Бірақ фторид жүйке жасушаларының зақымдануы мен өлуіне әсер етеді, ал бұл аутизмнің дамуына ықпал етеді деген зерттеулер бар. Мысалы, Чехия технология институты өз еңбегінде суға жасанды фтор қосатын елдерде АСБ таралуы жоғары деген дәлел келтіреді. Ал «АСБ таралуы төмен Еуропалық Одаққа мүше кейбір мемлекеттерде 1970-1990 жылдары суды фторлауға тыйым салынған туралы хабарланды». Алайда, бұл зерттеуде пайымдалған, дәлелденбеген.
Соңғы онжылдықтарда аутизмді жиі анықтау диагностикалық әдістердің қол жетімді болуымен түсіндіріледі. Сонымен қатар адамдардың хабардарлығы артты. Дегенмен, балада АСБ пайда болу себептері толық зерттелмеген. Сондай-ақ генетикалық факторлардың да маңызы зор.