Сұхбат

Әдет пен жалғыздық: қариялар неге фейкке сенеді

 

Гарвард психологтарының зерттеулеріне сәйкес, 65 жастан асқан адамдар фейкті басқаларға қарағанда 7 есе көп таратады. Егде жастағы адамдар жалған хабарламаларға тез сенеді және манипуляцияларға жиі ұшырайды. Бұл жастағы тобы ақпаратқа келгенде неге соншалықты әлсіз және аға буын өкілдерін шындықты өтіріктен ажыратуға қалай үйретуге болады? Бұл туралы Stopfake.kz-ке берген сұхбатында профессор, Қазақстандық коммуникативтік қауымдастығының директоры және қарт адамдарға арналған медиасауаттылық бойынша тренингтің авторы Бағиля Ахатова айтып берді.

– Бағиля Әбілмәжінқызы, соңғы кездері Қазақстанда да, басқа елдерде де қарт адамдарға арналған медиасауаттылық бойынша тренингтер өткізілуде. Қатысушылар әлеуметтік медианы қолдануды және ақпаратты тексеруді үйренеді. Мұндай қажеттілік неге туындады?

– Зейнеткерлікке шыққаннан кейін көбінің қарым-қатынас ортасы азаяды. Бұрын олар үнемі ұжымда болды, біреулерге қажет болды, ал енді араласатын орталары кеміді, байланыс арналары азайды. Сондықтан қариялар теледидар көп көреді, интернет-порталдарға, әлеуметтік желілерге кіреді. Олар бәрінен хабардар болу, туыстарымен, достарымен байланыста болу үшін осыларды пайдалана білуі керек. Бұл әсіресе пандемия кезінде, мәжбүрлі оқшаулану жағдайында аса маңызды.

– Неге қарт адамдар фейкке көбірек сенеді, манипуляцияларға жиі ұшырайды және жалған ақпаратты жиі таратады?

– Қазіргі зейнеткерлер бұқаралық ақпарат құралдарына сенуге дағдыланған. Бұл Кеңес Одағынан қалған дағды. Олар теледидарға, газеттерге сенеді. Бұл тұрақты әдет. Олар фейк хабарламаларды да БАҚ-тағы хабарламалар сияқты қабылдайды. Жалғыздық бұл топтағы адамдарды ақпараттық тұрғыдан осал етеді. Ақпараттық вакуум жағдайында кейде мессенджерлер немесе әлеуметтік желілер байланыстың жалғыз көзі болады. Сондықтан қарт адамдар оңай манипуляция құрбанына айналады.

– Олардың жасын ескере келе, ата-әжелерге фейктің не екенін қалай түсіндіруге болады?

– Біріншіден, олармен ортақ тіл табу керек. Екіншіден, көп мысал келтіріңіз. Мен тренингтерде осы әдісті қолдандым. Көрсете отырып, түсіндірдім – бұл ақпараттық материал, ол фактілерге негізделген, бұл ақпаратты сарапшылар растайды. Ал мынау – жалған ақпарат, насихат, белгісіз дереккөздерден алынған мәліметтер. Мұндай видеоларда психикаға әсер ететін фондық музыка болады, дикторлар, мәтінді оқып, кілт сөздерді интонациялық түрде ажыратады. Зейнеткерлер ақпаратты өте жақсы қабылдайды. Оларға мұны түсіндіру қиын емес.

– Фейк жасаушылар егде жастағы адамдарды немен қызықтырады? Мысалы, зейнеткер тағы бір алаңдатарлық хабарлама, дауыстық немесе видео алды делік, ол неге күмәнданып, оны тексереді?

– Фейк жасаушылар – манипуляторлар. Жалған хабарламаларда әдетте эмоционалды компонент өте күшті болады. Адамға қалай әсер еткен дұрыс? Оның аффективті деңгейі арқылы. Бұл «Бала жоғалып кетті», «Адам қиын жағдайға тап болды», «Адамдар, көмектесіңдер!». Әдетте егде жастағы адамдарға осылай қатты әсер етеді. Олар хабарламаның шамадан тыс эмоционалдылығына, леп белгілердің көптігіне назар аударуы керек. Сондай-ақ, автордың тек өз пікірін ғана білдіруі немесе түсініксіз белгісіз дереккөздерге сілтеме жасауы да адамдарда күмән тудыруы тіис.

– Хабарлама күмән тудырды делік. Әрі қарай не істеу керек?

– Бұл ақпарат ресми дереккөздермен расталды ма, тексеріңіз, басқа да дереккөздерді қараңыз. Біз тренингтерде фотосуреттің немесе видеоның шын екендігін қалай анықтауға болатынын үйретеміз.

– Аға буын өкілдерін қажетсіз ақпараттардан, манипуляциялар мен фейктер ағынынан қалай қорғауға болады?

– Оларға көбірек көңіл бөлу керек, атап айтқанда, қазір онлайн түрде өткізілетін медиасауаттылық бойынша тренингтерге тартыңыз. Алдымен қарапайым компьютерлік сауаттылығын ашып, қосымшаларды пайдалануды үйретіңіз. Бұл адамдарды қоғамға тарту керек. Оларды шеттетуге болмайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button