Сұхбат

Ботагөз Каукенова, медицина докторы: «Менің блогым – бұл ғылыми-медициналық ақпаратты жеткізу жолы»

COVID-19 пайда болғалы әлем бойынша фейктер лезде тарала бастады. Адамдар вирусты емдеу, оның таралуы туралы жалған ғылыми жаңалықтар жазуда, ал кейбіреулері әлі күнге дейін вирустың бар екенін жоққа шығаруда. Медицинада қателіктер мен мифтер әрдайым болады, қазірдің өзінде олардың кейбірі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, сақталуда. Сондықтан халық арасында адам денсаулығы туралы медициналық бағдарламалар мен блогтар аса танымал. Stopfake.kz редакциясы Instagram-да жеке блогын жүргізетін және адамдарға шындықты өтіріктен ажыратуға көмектесетін қазақстандық дәрігермен сұхбаттасты.

Ботагөз Каукенова – медицина докторы, Назарбаев университетінің түлегі және белсенді Instagram пайдаланушысы.

– Ботагөз, жеке блог жүргізуге қалай келдіңіз, неге медициналық фейктерді әшкерелей бастадыңыз?

– Мен Instagram-дағы парақшамды ұзақ уақыт бойы жеке блог ретінде жүргіздім, достарым үшін, отбасым үшін. Ойларыммен бөлісіп, естеліктер жаздым. Содан кейін көзім бірнәрсені шалып қалды… Оны фейк емес, қате пікір дер едім – кодекске, вакцинациялауға қарсы насихаттау. Мені таң қалдырған жайт, көптеген блогерлер вакцинациялау жаман, бұл аутизмге әкеледі деп жаза бастады. Осы кезде бұлай болмайды деп шештім. Адамдарға барлық ақпаратты медициналық тұрғыдан түсіндіру қажет. Өйткені, Инстаграмда медицина туралы адекватты ғылыми ақпарат жоқ. Адамдар шындықты біле алмайды. Іздесе, таппайды. Сөйтіп, жаза бастадым, адамдар пікірлерін білдіріп, қандай да болмасын тақырыпты ашып, толығырақ айтып беруімді сұрады. Осылайша, блог жүргізуді қолға алдым.

Блогыңызды хайп деп атауға бола ма?

Бұл сөз маған ұнайды, ол қазір бүкіл жерде қолданылады. Жоқ, хайп емес, мен жай ғана түсіндіремін. Хайп — бұл өткір әлуметтік тақырыптарға пікір жазу, менің блогым – бұл ғылыми-медициналық ақпаратты көп адамға жеткізудің қолайлы тәсілі. Мысалы, егер қабылдауыма бір адам жазылса, мен оған сол ақпаратты түсіндірсем, онда күніне 3 адамға ғана «айтамын», ал блогымда жазсам, оны көп адам оқиды (1000-нан астам адам) және оларға саналы түрде таңдау жасай алатындай тиісті ақпаратты жеткізе аламын.

– Кәсіби қызметте фейктер қаншалықты жиі кездеседі? Алғашқы реакцияңыз қандай болды?

– Әр дәрігердің практикасында фейктер көп болады. Бұл халықтық стереотиптер, қате пікірлер, кейбір ескірген ақпарат. Біздің әжелеріміз қолданған және балаларына қалдырған әдіс-тәсілдер. Әрине, олар үшін бұл рас болып көрінетін. Мұндай ақпарат көп мәрте қайталанған жағдайда, ол шындық ретінде қабылдана бастайды. Бірақ ғылым тоқтап тұрған жоқ, сондықтан дәрігерлер үнемі жаңа әдебиеттерді оқып, білімдерін жетілдіріліп отырады.

Егер «хайп» фейк туралы айтатын болсақ, онда бұл С дәрумені. Оның суық тигенде көмектесетіні, иммунитетті көтеретіні және т.б. қасиеттері туралы естіген шығарсых. Бірақ ғылыми зерттеулер көп жүргізілгеніне қарамастан, бұл тақырып бойынша ғылыми дәлелдер жоқ. Дәлелденгені мынау ғана – егер қатты суық жағдайда ауыр дене жаттығуларын жасайтын болсаңыз, С дәрумені иммунитетіңізді күшейтуге көмектеседі. Мысалы, Антарктикада әскери дайындықтан өткенде.
Тәжірибеңіздегі ең «есте қаларлық» фейк туралы айтып беріңізші?

Менің тәжірибемде болған ең қызықты жағдай циррозбен ауыратын науқастар жатқан терапия бөлімінде жұмыс істеп жүргенімізде орын алды. Бір күні пациентпен сөйлесіп тұрғанда, ол менен: «дәрігер, циррозды «емші-қоңызбен» емдеуге бола ма?» деп сұрады. Мен алдымен түсінбедім, емші-қоңыз – бұл Қоңыз есімді адам ба, ол емдей ме? Халық емшісі ме? Содан кейін Интернеттен қарап, циррозды емдеу үшін қара қоңызды тірідей жұту керек екендігін оқып білдік. Олай істеуге болмайды, бұл адамның өліміне әкелуі мүмкін.

– Тұмау маусымы басталды. Мемлекет вакцинациялауды белсенді түрде насихаттауда. Тұмауға қарсы вакцина керек пе, жоқ па? Сіздің пікіріңіз қандай?

– Біз коронавирустық инфекцияның екінші толқыны болады деп отырмыз, жазда орын алған жайттардың, ауруханаларға түскен жүктеменің ауыр болғанын ойласақ… Айта кетейін, егер тұмау асқынып кетсе, оның белгілері ковидке ұқсайды. Дәрігерлер ковидті пациенттерді «емдеп» шаршағанда, сізде пневмонияның неден туындағанын ешкім анықтап-біліп жатпайды: тұмаудан ба, әлде ковидтен бе. Барлық науқастарды бір ауруханаға жатқызады. Тұмаумен ауруханаға түскенде, сізді ковидті науқаспен бірге жатқызса, не болатынын ешкім де білмейді, онда ковидті де жұқтырып алуыңыз мүмкін. Сондықтан өз-өзіңді қорғаудың жолы – тұмауға қарсы екпе жасау. Егер тұмаумен ауырсаңыз, онда бір-екі күн бойы симптомсыз тасымалдаушы боласыз және ауруды басқаларға жұқтырасыз. Ал 2 тәуліктің ішінде жүздеген адаммен қарым-қатынас жасайсыз және тұмауды көтере алмайтын адамға жұқтыруыңыз әбден мүмкін. Сондықтан біз бәріне де тұмауға қарсы екпе жасатуды ұсынамыз.

– Сіздің ойыңызша, қоғамға фейк мәлімдемелер қажет пе және олар қалай пайда болады?

– Мұны дәстүрлі медицинамен де, қастандық теорияларымен де байланыстыруға болады. Соңғысы қазір өте танымал. Олар тұрақсыздық пен сенімсіздік болғанда туындайды. Ал неге көп? Пандемия болды. Бүкіл әлем тоқтап қалды, көбі бұл жерде бір гәп бар деп ойалды. Соның негізінде медициналық фейктер көп тарайды. Адам ағзасы өте күрделі әрі дербес механизм, көптеген құбылыстарды денсаулықпен байланыстыруға болады. Адамдар фейкке оңай сенеді және оны тарата бастайды.

Сұхбат видеосы төменде ұсынылған.

 

Сұхбаттың толық нұсқасын аудиофайлдан тыңдауға болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button