Массачусетс технологиялық институты ғалымдарының зерттеулері фейктердің шынайы ақпараттарға қарағанда 70% тез таралатынын көрсетті. Адамдар ресми расталған және фактілерге негізделген жаңалықпен емес, жалған ақпаратпен жиі бөліседі. Stopfake.kz психолог, Когнитивті мінез-құлық психотерапиясы қауымдастығының мүшесі Елена Лосевадан фейктердің не үшін жасалатыны және адамдардың оған неге сенетіні туралы сұрады.
– Елена, психология тұрғысынан алып қарағанда, фейктерді кім және не үшін жасайды?
– Менің ойымша, фейктер ең алдымен ықпал ету тәсілі болып табылады, сенің қаншалықты әсер ете алатыныңның көрінісі. Екіншіден, бұл – алаяқтық схемалар. Мысалы, коронавирус індеті аясында емдік заттарды танымал ету жолдарын байқаған шығарсыз, зімбірден бастап цефтриаксонға дейін. Шартты түрде айтқанда, қара маркетинг. Мұндағы мақсат – нақты бір өнімді сату. Менің ойымша, арақатынасы 80 де 20 пайыз. Біріншіден, бұл қалай болса да халықтың ақшасын иемденгісі келетіндер. Екіншіден, жалған ақпарат тарата отырып, ұсақ бұзақылық көтерілістер ұйымдастыруға арналған оппозициялық құралдар. Адамдар агрессивті толқынға тез ауысады. Үшіншіден, бұл жалпы истерия, оның аясында ерекшеленгің кеп тұрады. Жалған жаңалық жасалады, таратылады – адам өзінің ықпалын сезінеді.
– Неге адамдар фейк, жалған жаңалықтарға, жалпы, өтірік ақпаратқа соқыр сенеді?
– Себебі ақпаратты ұсыну жолы мінсіз. Қандай? «Әкімшіліктегі бір танысым айтты…», «… жұмыс істейтін бір әйел айтты».
Сол «бір әйел» – кеңестік заманда да болған – баяғы жүйе. Ресми жаңалықтар сенім дәрежесі бойынша бәсекеге түсе алмайды.
Тарату жолы – WhatsApp-тағы топтар. Халық жақындарынан, таныстарынан келген ақпаратқа қатты сенеді. Дереккөздердің атаулары күмән тудырса да, адамдар оған сенеді. Туған ағасы «Жезқазғанда ұшақ бірдеңе шашып жүр» деп жазса, сенеді.
Адамдар жалқау болғандықтан фейкке сенеді. Ештеңені тексергісі келмейді. Фейк жаңалықтар жедел, әрі әсерлі болады. Адамдардың құпия нәрсеге араласқысы келеді. «Бір әйел айтты» дегенде өзіңді бұған қатысың бардай сезінесің. Шын мәнінде, ол адам жай отыр, ол мүлдем күш жұмсамай, фейк жасаушы мен оқиғаның мән-жайынан хабарсыз азаматтарды байланыстыратын түйінге айналады. Бұл ретте ол өзін маңызды сезінеді.
Бұл ақпаратты Google немесе factcheking арқылы тексерсе, бос сөз болып шығатынын білеміз. Бірақ ол үшін қаншама іс-қимыл жасау керек?! Ал мына жерде жай бөлісе саламын. Ол ерлік жасады – бәрін хабардар етті, бәрін құтқарды. Ешқандай күш жұмсамай-ақ, бәрін тындырды.
– Фейк ақпаратқа кім тез сенеді, қалай ойлайсыз?
– Сыни ойлау қабілеті дамымаған адамдар. Сыни ойлау – интеллекттің ең маңызды қасиеттерінің бірі. Жаңалықтардың құрамын анықтау, оны тексеру, ресми дереккөздерге жүгіну, «8 асыл тұқымды күшік қараусыз қалды, енді мен оларды асырауға ақша жіберуім керек. Неге?» деп өз-өзіңнен сұрай білу қабілеті. «5 тиын салып, 5 рубль аламын ба?» Адамның ойланғысы келмейді, демек, сыни ойлау қабілеті төмен.
– Күн сайын жалған жаңалықтар мен ақпараттар саны артып келеді, бұл неге байланысты құбылыс, олардың өсуіне не ықпал етеді?
– Түрлі мессенджерлердің пайда болуы. Ақпарат таратудың жеңілдігі. Бұл ақпараттың вирустық сипаты. Мен жай отырып, жүз топқа ақпарат жібере аламын. Бұл пікір көшбасшыларының фейктерді қолдауы. Зімбір туралы идеяны кім қолдады? «Аурудың алдын алу үшін жейік» деген блогерлер. Пікір көшбасшысы міндетті түрде сыни ойлайтын адам болуы міндетті емес екенін түсінеміз. Бұл 2 миллион жазылушысы бар қыз болуы да мүмкін. Адамның сенімі байланыс жиілігінен артады. Олар таңды бірге атырады, оның таңертең, түсте не жегенін біледі. Сөйтіп, ол «бәріміз антибиотик ішейік», – дейді. Нәтижесінде не болады? Бәрі бақылаусыз антибиотик қабылдай бастайды.
Жай мақалалар болса бір, ал аңқау, сыни ойлау қабілеті жоқ халықпен жұмыс істеу басқа, сіз бен біз де сыни ойламауымыз мүмкін, бәрі жағдайға байланысты, адам шаршаған, ауырған, жабыққан болуы мүмкін, бұл кездері сыни ойлау деңгейі төмендейді, ал кейбір адамдарға деген сенім деңгейі артуы мүмкін. Тіпті адекватты адамдардың өзі қисынсыз әрекеттер жасайды.
– Ал фейк ақпарат арқылы манипуляция жасау әрекеттерін қалай түсінуге болады?
«…мәлім болды», «… әшкереленді» дегендей әсерлі тақырыптар. Сондай-ақ, жалпылауыштар қолдану – БӘРІ, ЕШКІМ, ЕШҚАШАН. Мысалы, «24% жазылады…» – қызық емес. Ал «… ішкен кезде бәрі жазылады» – тартымды.
– Фейк ақпараттар ағынын азайту үшін не істеу керек?
– Бұған тұрмыстық деңгейде ықпал етуге болады деп ойламаймын, оны мемлекеттік деңгейде шешуге болатынына сенімдімін. Мысалы, Кореяда фейк ақпарат таратқаны үшін 15 мың доллардан астам айыппұл салынады және қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Бізде де солай болса, бұл күрестің басы болар еді. Адамды ақпаратпен бөліскені үшін жазаламасаң, түсінбейді. Біздің посткеңестік кеңістікте солай қалыптасып қалған.
– Адамдарға жалған ақпараттың құрбаны болмау және оны таратушыға айналмау үшін берер кеңесіңіз бар ма?
– Әр адам өз-өзіне сұрақ қойсын дер едім:
«Осы жаңалықпен бөліскенім үшін мені отырғызуы мүмкін екенін білсем, онымен бөлісер ме едім?»
«Біреуге зиян келтіріп отырғанымды білсем, бұл жаңалықпен бөлісер ме едім?»
«Осы мақаладағы өтірік үшін айыппұл төлесем, бұл жаңалықпен бөлісер ме едім?»
Эмоцияға беріліп, шешім қабылдауға болмайды. Шешімді қабылдаған соң біраз уақыт ойлану керек, «14 мың теңге тұратын зімбірдің 2 кг алуым керек пе? Мен оны жегеннен қандай әсер болатынын білмеймін ғой». Кез келген жаңалықты оқыған кезде өз-өзіңізден сұраңыз: «Дәлелдер бар ма?». Әдетте, осы жерде бәрі анықталады. Ресми жаңалықтарға сеніңіз! Жалған және ресми жаңалықтың басты айырмашылығы неде? Ресми ақпарат жасаған журналист оқиға орнынан хабарлайды, мамандармен сөйлесіп, видеоға, суретке түсіреді. Ал топта біз жаңалықтың авторы кім екенін білмейміз.
Сана гигиенасын қамтамасыз етуіміз керек, миға қандай ақпарат қабылдайтынымызды ойлауымыз керек.