Дәлелсіз: «Консерванттар ішек микробиотасымен проблемалар тудырады»
Әлеуметтік желілерде өнімдердегі консерванттар микробиотамен проблемалар тудыратыны туралы видео тарады. Мұны ұзақ сақтау мерзімінен байқауға болады екен. Ролик авторының айтуынша, консерванттар адам ағзасына еніп, бауырға салмақ салады. Бұл рас па? Анықтайық.
Өсімдіктер мен жануарлар, сондай-ақ адамдар микроорганизмдермен тығыз байланыста өмір сүреді. Олардың арасында бактериялар, протистер, архейлер, саңырауқұлақтар мен вирустар бар. Ішек микробиотасы ас қорытуда, иммунитетте, метаболизмде, қабынуда және ауруларда маңызды рөл атқарады.
Әрине, микробиотаға барлығы, соның ішінде тағамдық қоспалары бар тағамдар әсер етеді. Тағамға тек консерванттар ғана емес, сонымен қатар хош иістер, бояғыштар, қантсыз тәттілендіргіштер, ферменттік препараттар да қосатынын атап өткен жөн. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігі үшін жасалады, өйткені олар соңғы тұтынушыға жақсы жағдайда жетуі керек. Сондай-ақ, тағамдық қоспалар өнімнің дәмін, түсін, иісін және жалпы көрінісін сақтау үшін қолданылады.
Адамдар консервация туралы XIV ғасырда білген. Осы кезде алғаш рет тұз қолданылып, бұзылып кетпес үшін ет пен балықты сүрлеу қолға алынған.
Бүгінде консерванттар тамақ өнімдерін ашытқы, зең, бактериялар сияқты зиянды микроорганизмдердің әсерінен бүлінуден сақтауға септігін тигізеді. Консерванттардың арқасында адамдар ботулизм мен ауыр тамақтан улану сияқты жағдайлардан аулақ бола алады. Сонымен қатар, тағамдық қоспалар өнімдерді басқа әсер ету факторларынан – химиялық және физикалық факторлардан қорғайды. Бұл тотығу және температураның өзгеруі. Консерванттар соңғы өнімнің құнына әсер етеді – олар оны төмендетіп, тамақ қалдықтарын азайтады.
Өнімдерге табиғи және жасанды консерванттар қосады. Жасанды емес консерванттарға лимон және аскорбин қышқылы, Е дәрумені, бетанин, синтетикалық түріне – нитраттар мен нитриттер, кальций фосфаты, сорбин қышқылы, сульфиттер, ЭДТА, BHT және BHA, бензой қышқылы және натрий бензоаты жатады.
Өнімдерде қолданылатын консерванттар мен қоспалар адамдар үшін қауіпсіз, өйткені олардың мөлшерін құзыретті органдар әртүрлі деңгейлерде – ұлттық, аймақтық, халықаралық деңгейде қатаң реттейді. АҚШ-та мұндай бақылау органы Азық-түлік және дәрі-дәрмектерді бақылау басқармасы (FDA) болып табылады. Оның мақұлдауынсыз бірде-бір өнім дүкендер мен дәріханалардың сөрелеріне шығарылмайды.
Халықаралық деңгейде азық-түлік қауіпсіздігі мен сапасын ФАО/ДДҰ тағамдық қоспалар жөніндегі бірлескен сарапшылар комитеті (JECFA) қадағалайды. Барлық өндірушілер оның стандарттарын ұстануға міндетті.
Қандай да бір тағамдық қоспаны қолдануға рұқсат бермес бұрын, оның адам үшін қаупін бағалайтын бірнеше зерттеу жүргізіледі. Жануарлар мен адамдарда жасалған сынақтар ескеріледі. Ғалымдар тағамдық қоспаның қалай сіңетінін, бүкіл ағзаға қалай таралатынын және қалай шығарылатынын анықтайды. Зиянды әсерлері немесе жанама өнімдері бар екені анықталады.
Еуропалық кеңес Еуропалық Парламентпен бірге әзірлеген тағамдық қоспаларды таңбалау жүйесі бар. Қаптамада атауы немесе Е-нөмірі көрсетіледі. Әдетте тағамдық қоспалар тізімнің ең соңында орналастырылады, себебі олар аз мөлшерде қолданылады. Тұтынушы сатып алмас бұрын өнімнің құрамымен таныса алады. Сондықтан қандай да бір өнімді сатып алу-алмау туралы шешімді әркім өзі қабылдайды.
Тағамдық қоспалардың ішек микробиотасына әсері бойынша бірнеше зерттеу жүргізілді. Ғылыми әдебиеттерде қоспалар адамның ішек микробиотасын өзгертеді деген мәліметтер бар. Бірақ қандай өзгерістер болатынын ғалымдар әлі нақты анықтаған жоқ. Нақты сипаттама беретін жүйелі эксперименттер жоқ. Барлық ғалымдар тағамдық қоспаларды әлі де мұқият зерттеу керек деген ортақ пікірге келді.
Егер барлық консерванттарды тағамнан алып тастасақ, олар тез арада жарамсыз болып қалады. Бұл денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді. Демек, тағамдық қоспалар азық-түлік қауіпсіздігі үшін қажет. Олар өнімді шіріп кетуден сақтайды, дәмі мен сыртқы түрінің өзгеруіне жол бермейді. Азық-түлікте консерванттарды қолдану халықаралық деңгейде қатаң бақыланады.