Қызылшамен және желшешекпен ауырғандардың коронавирус жұқтыру ықтималдығы төмен – фейк
Әлеуметтік желілерде желшешекпен немесе қызылшамен ауырған адамдардың COVID-19-ға қарсы иммунитеті бар деген пікірлер айтылуда. Мамандар бұл болжамдарды жоққа шығарды.
Мұндай жаңсақ пікір ресейлік иммунолог, медицина ғылымдарының кандидаты Алексей Поповичтің Ukraina.ru порталына берген сұхбатына негізделеді. Алайда оның сөздері контекстен алынғаны анықталды.
Шын мәнінде, Алексей Попович Ресейдің бесінші арнасына сұхбат берген. Әңгіме барысында ол желшешек немесе қызылшадан кейін коронавирустық инфекцияға төтеп беретін иммунитеттің болатыны туралы қауесеттерге еш негіз жоқ деп айтқан.
Қарағанды медицина университетінің жұқпалы аурулар және фтизиатрия кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Роза Бегайдарова да осындай пікірде.
– Желшешек пен қызылша коронавируспен байланысты емес. Бірақ қазір COVID-19-бен ауыр және орташа ауыр түрде ауырғандарда 6-8 айға дейін иммунитет қалыптасады деген жаңа мәліметтер түсіп жатыр. Ал аурудың жеңіл түрімен немесе симптомсыз ауырғандардың иммунитеті қысқа уақытқа сақталады. Сондай-ақ, егер адамға суық тисе немесе ол тұмаумен ауырса, лимфоциттер кейбір вирустарды тоқтата алады деген болжам бар. Бірақ бұл гипотеза және ол расталмаған», – деді профессор.
Бүгінгі таңда нарықтағы қазіргі және қолданылып жүрген вакциналардың ешқайсысы COVID-19-бен күресуге жарамсыз және одан иммунитетті қалыптастырмайтыны мәлім.
ДДСҰ мәліметтері бойынша қазіргі кезде әлемде COVID-19-ға қарсы 44 вакцина клиникалық сынақ сатысында. Тағы 154 үлгі клиникаға дейінгі тексеруден өткізіледі.