Фейк: «Вакцинация балаларда аутизм тудырады»
«Аутизмнің таралуы мен вакцинация арасында нақты өзара байланыс бар» – Қазнетте осындай мәлімдеме жасалған жарияланым тағы да шықты. Екпелер аутизм тудыратыны туралы қауесет 25 жылдан бері тарап келеді. Барлық елдердің фактчекерлері бұл ақпарат фейк деп хабарлауда.
Аутизм спектрінің бұзылуының (ASD) себебі біреу ғана емес. Негізгі қауіп факторларының ішінде дәрігерлер генетикалық бейімділікті атап көрсетуде. Вакцинация аутизмнің пайда болуына әсер етпейді. Америкалық педиатрия академиясы осы тақырып бойынша ата-аналарға арналған арнайы зерттеулер тізімін дайындады.
Қауесет қайдан шықты? 1998 жылы The Lancet беделді медициналық журналында британдық дәрігер Эндрю Уэйкфилд Англиядағы қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы стандартты MMR вакцинасын аутизммен байланыстырған зерттеу жариялады. Экспериментке барлығы 12 бала қатысты. Олардың ішінде 9-ның ата-анасы Уэйкфилдке балалардың мінез-құлқы мен сөйлеу бұзылыстары MMR екпесінен кейін пайда болғанын айтқан. Мақалада осы сөздерден басқа ешқандай дәлелді негіз келтірілмеген. Ал қорытынды біржақты болды – үш компонентті вакцина балалар үшін қауіпті. Кейіннен дәрігердің қаржылық қызығушылығы болғаны анықталды. 1996 жылы Уэйкфилд ағзада қызылша вирусының іздерін анықтауға мүмкіндік беретін экспресс-тестті патенттеді. Ол аутизммен ауыратын балаларды осы әдісімен тексермек болды. Егер тест нәтижесі оң болса, ата-аналар вакцина өндірушілерін бірден сотқа бере алар еді.
Көптеген ғылыми зерттеулерден кейін Уэйкфилдтің мақаласы ғылыми тұрғыдан да, этика тұрғысынан да қате деп танылды. 12 жылдан кейін жарияланым журналдан алынып, Уэйкфилд алдағаны және алаяқтық жасағаны үшін лицензиясынан айырылды. Көптеген дәрігерлер мақаланы жалған деп атады.
Денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, Уэйкфилдтің қате тұжырымдары әлемде скептицизм мен вакцинациядан бас тарту толқынын тудырды. Осы уақыт ішінде қызылша ауруының ошақтары Еуропада, АҚШ-та және Австралияда тіркелді. Билік кейде антиваксерлерге қатысты қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болады. Вакцинация міндетті болып табылады, ал кейбір елдерде одан бас тартқаны үшін айыппұл салынады.
Биыл Қазақстанда қызылша ауруы өршіп тұр. Билік 6 қарашада 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша иммундауды жүргізуде.