Жалған: «Вирустар шашатын арнайы ұшақтар бар»
Telegram чаттарында химтрейлдер арқылы әдейі вирустар шашылатынын дәлелдейтін видео тарады. Бұл адамдарды вакцинациялау үшін жасалады екен. Бұл өтірік.
Видео топтамасы әр түрлі уақытта әр түрлі сайттарда қолданылған көптеген суреттен тұрады. Алдымен конденсациялық із қалдыратын ұшақтың суреті көрсетіледі. Бұл құбылыстың конденсациямен байланысты екені атауынан түсінікті. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл будың сұйық күйге ауысуы. Ұшақ ұшқан кезде қозғалтқыштардан ыстық бу ағындары мен пайдаланылған отыннан газдар шығады. Ауа суық болғандықтан, бу жанатын отын бөлшектерінің айналасына жиналады. Нәтижесінде кішкентай тамшылар пайда болады. Аспанға қарасақ, біз оларды тұман тәрізді ақ жолақ түрінде көреміз. Мұның қалай болатынын түсіну үшін күрделі техникалық әдебиеттерді оқудың қажеті жоқ. Интернетте бұл физикалық құбылыс балаларға қарапайым мысалдармен түсіндірілген сайттар бар.
Сондай-ақ, суреттердің бірінде ұшақтың соңындағы құбырлардан ақ будың шығып жатқаны бейнеленген. Бұл малайзиялық мамандардың бұлттарды қалыптастыруы. Бұлттардың үстіне тұзды су себіледі. Осылайша өртпен, құрғақшылықпен, тұманмен күресу үшін жаңбыр шақырады. Атап айтқанда, суретте 2005 жылы Суматрада болған дала өртімен арпалыс бейнеленген.
Видеороликте ұшақ салонындағы бөшкелердің суреті бар. Конспирологтардың пікірінше, олар вирустармен толтырылған. Шын мәнінде, бұл жаңа ұшақтарды сынау үшін қажет балласт цистерналар. Цистерналар жолаушылардың салмағын имитациялайды және әуе кемесінің жүктеме біркелкі болмаған кездегі қозғалысын білуге мүмкіндік береді. Алынған мәліметтер негізінде ұшқыштарға ұсыныстар беріледі және ұшақтардың автоматика бағдарламаларына өзгерістер енгізіледі. Сондай-ақ, резервуарлардың бір бөлігінде жанармай қоры болады.
Мысалы, суреттердің бірі Сиэтлде авиация мұражайында түсірілген. Су құйылған балласт бөшкелер Boeing-747 прототипіне тиелген. Басқа суретте сынауға арналған балласт цистерналар «Боинг-747-8» ұшағының артқы жағында орналасқан. Фото 2018 жылы түсірілген.
Балласт бактардың түсі мен пішіні әртүрлі, ал мақсаты бір болады. Америкалық Lead Stories фактілерді тексеру веб-сайты ұшу сынағы бойынша инженер Патрик дю Ше Airbus бортындағы су цистерналарының мақсатын түсіндірген 2013 жылғы видеоны жариялады.
Сондай-ақ, химтрейл теориясын Spray and Pray ұраны мен Team Chemtrail деп жазылған белгішелер мен жапсырмалар да растамайды. Бұл әзіл атрибутика АҚШ-та 2014 жылы шыққан. Көбінесе мұндай аксессуарларды америкалық ұшқыштар химиялық жолдарға сенетіндерді мазақ ету үшін көрсетеді.
Химтрейлдер ғылыми тұрғыдан расталмайды. Арнайы ұшақтар атмосфераны жұқпалы аурулар тудыратын вирустармен ластайды деуге негіз жоқ.