Ойдан шығарылған: «БҰҰ мұқият қорғайтын Жердің шын картасы бар»
Telegram чаттарында тараған суреттерде «Бұрын БҰҰ залдарында сақталған» «біздің әлемнің шын картасы» деп жазылған. Картада жер тегіс, ішкі әлемге «кіреберісі» Солтүстік полюсте орналасқан. Сондай-ақ ерекше картада Лемурия, Атлантида және Асгард сияқты материктер бар. Бұл карта рас па? Ол нені білдіреді? Анықтайық.
Суреттерді кері іздеуге арналған құралдың көмегімен таралған картаның дереккөзі анықталды. Ол алғаш рет қастандық теорияларына арналған неміс тіліндегі Telegram арнасында шыққан.
2022 жылғы 17 тамызда канал авторы жазық әлем картасын салып жатқанын хабарлайды. Хабарламада карта алдымен «аспан дискісіз» болады, бірақ уақыт өте келе ол суретте қосылады делінген.
Кейін, 18 тамызда каналда картаның бірден екі нұсқасы – кеңейтімі .jpg және .png. файлдар жарияланды.
Яғни, таралған картаның БҰҰ-ға ешқандай қатысы жоқ, ал онда бейнеленген сурет – автордың қиялынан туған.
Шындығында, Атлантида мен Лемурия сияқты материктердің бұрын-соңды болғандығына ешқандай дәлел жоқ.
Асгард – бұл мифтік орын. Скандинавиялық мифологияда құдайлар өмір сүрген әлем осылай аталды. Шайқаста қаза тапқан ержүрек жауынгерлер де сол жерге түскен. Өлгеннен кейін олар Асгардта орналасқан Валхалла залдарында Тор құдайымен және басқалармен бірге тойлады деп есептелді. Шындығында, Асгард мүлдем болған емес.
Жер қуыс және оның ішкі әлемдеріне кіру Солтүстік полюстің орталығында орналасқандығы туралы теория бар, бірақ ол дәлелсіз. Керісінше, Солтүстік полюсті игеру Жердің ішкі бөлігіне «кіреберістің» жоқ екенін дәлелдеді. Қазір онда көптеген ғылыми станциялар орналасқан. Сондай-ақ, бірнеше жыл бойы үздіксіз түсірілім жүргізген веб-камералар бар.
Демек, таралған хабарлама – фейк. Карта – конспиролог-суретші 2022 жылдың тамызында салған туынды. Ол ешқашан БҰҰ-да сақталмаған және жердің шынайы картасы емес. Онда бейнеленген Лемурия, Асгард және Атлантида материктері мифтік және шынайы өмірде болған емес. Солтүстік полюсте орналасқан жердің кіреберісі де ойдан шығарылған.