Медициналық фейктер

Фейк: «Маммография аса қауіпті және қатерлі ісік тудырады»

Әлеуметтік желілерде маммография қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін деген ақпарат тарады. Скринингтік зерттеу ісіктердің өсуін және метастаздың таралуын ынталандырады екен. Бұл рас па? Анықтайық.

Жарияланым авторы сүт бездерін рентгендік тексерудің әйелдер үшін қауіпті екенін растайтын бірнеше дәлел келтіреді. Олардың әрқайсысына тоқталып, талдайық.
Біріншісі – маммографияның оң нәтижелерінің 50-60% жалған.
2022 жылы Калифорния университеті осы тақырып бойынша зерттеу жариялады.
Ғалымдар 10 жыл бойы жыл сайын сүт безі қатерлі ісігінің скринингінен өткен әйелдердің жартысы жалған оң нәтиже алатынын анықтады. Скрининг әдісі мен аралығы, сүт безінің жасы мен тығыздығы есептелген. Егде жастағы және кеудесі бос әйелдерде жалған нәтижелер аз болған. Сондай-ақ, егер екі жылда 1 рет скринингтен өткен әйелдерде жалған оң нәтиже алу қаупі төмен болды. Сонымен қатар, скрининг кезінде цифрлық томосинтезді (3D) қолдану екі проекциядағы маммографияға қарағанда оң нәтижені аз береді.
Дегенмен, әр адамның ағзасы өзгеше екенін ұмытпаған жөн. Жарияланымның бірлескен авторларының бірі Майкл Бисселл, мамандарды қате қорытындылар жасаудан сақтандырып, олардан қауіп факторларын ғана емес, пациенттердің қалауын да ескеруді сұрайды. Тиімді емдеу мүмкін болған кезде қатерлі ісікті ерте сатысында асқындырып алудан гөрі жалған оң нәтижені жоққа шығарған дұрыс.
Британдық Колумбия онкологиялық орталығы маммографияда артық сәулелену және обыр жасушаларының пайда болуы туралы мифтерді талдайды. Мамандар маммография кезіндегі радиациялық әсер қатерлі ісік тудыруы мүмкін емес екеніне сенімді. Адам күнделікті өмірде шамамен 6 айлық фондық сәулеленуге сәйкес келетін өте аз дозаны алады. Маммографтың қатерлі ісіктің пайда болуына немесе дамуына жанама немесе тікелей әсер еткенін дәлелдейтін бірде-бір ғылыми жарияланым жоқ.
Сондай-ақ, көкіректі қысу онкология тудыратынына ешқандай дәлел жоқ. Қысу сүт безі тіндерін бөлуге және ауытқуларды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте пациент бір қалыпта тұрады, сонда кескінді анық шығады.
Швейцарияда ақпаратта айтылғандай, маммографияға тыйым салынбаған. 2014 жылы Швейцария медициналық кеңесі тұрақты маммографиялық скринингтен бас тартуды ұсынды.  Кеңес мүшелерінің пікірінше, жалған оң сынақтар мен шамадан тыс диагностика әйелдерге теріс психологиялық әсер береді. Бірақ басқа сарапшылар бұл ұсынысты дұрыс емес деп санайды және бұл көптеген әйелдің өмірін қиюы мүмкін дейді. 

Атап айтқанда, Вейл Корнелл медициналық колледжінің радиология профессоры Кэрол Ли нақ осы маммография өлім-жітімді төмендетеді деп мәлімдеді. Бұл нақты клиникалық тәжірибеде көрсетілді. (Лиді Лондон Вольфсон профилактикалық медицина институтының докторы Стивен Даффи де қолдайды. Оның айтуынша, сүт безі қатерлі ісігінен болатын өлім-жітім деңгейі скринингтік зерттеулер жүргізу тәжірибесі мол аймақтарда 14%-ға төмен.
Медициналық кеңестің құрамына кіретін Солтүстік Кокрейн орталығының жетекшісі Карстен Йоргенсен де сүт безі қатерлі ісігінің скринингі аурудың алдын алу үшін өте маңызды болып қала беретінін айтады. Оның пікірінше, әрбір әйел маммографияның қауіптері мен артықшылықтарынан хабардар болуы керек.
Маммографияның тиімділігі медициналық ортада бұрыннан талқыланып келеді. Бірақ дәрігерлерге сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтауға көмектесетін бұдан артық ештеңе ойлап табылған жоқ. Зерттеуден бас тартудың қажеті жоқ.
Демек, маммографияның қауіптілігі туралы Желіде таралған ақпарат адамдарды шатастырады және нақты жағдайды көрсетпейді.

Айта кетейік, Қазақстанда скрининг аясында 40-70 жастағы әйелдер 2 жылда бір рет тегін 2D-маммографиядан өте алады.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button