Фейк: «Қатерлі ісік вакциналар жасалғанға дейін белгісіз болды»
Қазнетте онкологиялық аурулар адамзатқа вакциналар жасалып, шешекке қарсы жаппай егу науқаны басталғанға дейін белгісіз болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жалған.
Вакциналарды әзірлеу салдарынан онкологиялық аурулар пайда болды деген тұжырым ғылымға қарсы және тарихи фактілерге қайшы келеді. Қатерлі ісіктердің алғашқы құжаттық сипаттамасы біздің дәуірімізге дейінгі 3000 жылы Ежелгі Египет папирустарында кездеседі. Онда кеудеде пайда болған ісіктердің сегіз жағдайы туралы жазылған. Сол кездегі дәрігерлер оларды «отты бұрғылау» көмегімен алып тастаған. Бүгінгі таңда бұл процедура күйдіру деп аталады.
Сонымен қатар қазіргі ғалымдар кем дегенде 39 мысырлық мумиядан қатерлі ісік ауруын анықтаған. Көбінесе бұл сүйек қатерлі ісіктері болды, олар біздің заманымызға дейін жетті. Ісіктердің бұл түрі остеосаркома деп аталады.
Аурудың «обыр» атауын «медицинаның атасы» деп саналатын ежелгі грек философы және дәрігер, б.з.д. 460-370 жылдары өмір сүрген Гиппократ қойған.
Ол қатерлі ісіктердің пайда болу себептері туралы өз теориясын жасаған. Оның пікірінше, қатерлі ісік дененің белгілі бір бөлігіндегі артық қара өт тудырады. Алайда, кейіннен, медицина дамыған сайын, бұл теория теріске шығарылып, басқа, негізделген теориялармен алмастырылды.
1796 жылға қарай, әлемде ең алғашқы шешекке қарсы вакцина әзірленген кезде хирургтар қатерлі ісіктерді жою мақсатында операциялар жасап жүрген. Яғни, дәрігерлер қатерлі ісіктің бар екенін біліп қана қоймай, кейбір жағдайларда ісікті анықтап, оны алып тастайтын болған.
Вакциналардың онкологиялық аурулардың дамуымен байланысы бірнеше рет сынға алынды, бірақ ғылыми дәлелденген жоқ.
Соңғы онжылдықтарда қатерлі ісікпен ауыратын адамдардың саны артып келе жатқандығы туралы дәлелдер көбінесе манипулятивті және шындыққа жанаспайды. Өйткені, біріншіден, қатерлі аурулардың даму қаупі адам өмір сүрген жыл өткен сайын өсіп келеді. Өмір сүру ұзақтығының артуын ескере отырып, әлемде қатерлі ісік ауруының қаупі жоғары адамдар көбейіп келе жатқаны табиғи құбылыс. Мысалы, Ұлыбританияда орташа өмір сүру ұзақтығы 1960-2018 жылдар аралығындағы 70-тен 81 жасқа дейін өсті. Бұл ретте қатерлі аурулардың даму жиілігі 60-тан 79 жасқа дейінгі 100 мың адамға шаққанда 1500-ден астам жағдайды және 80-нен асқандарда 100 мың адамға шаққанда 2500-ден астам жағдайды құрайды.
Екіншіден, қазір дәрігерлер қатерлі ісік ауруы диагнозын ерте және нақты қоя алады. Бұл қатерлі ісік ауруының саны күрт артады дегеннің белгісі емес. Бұрын дәрігерлерде мұндай диагноз қою үшін білім мен жабдықтар жеткіліксіз болған.
Үшіншіден, қатерлі ісік ауруының семіздік, жаман әдеттер, экологиялық жағдайы нашар аймақта тұру, тұрғылықты жерінде сапалы медициналық көмектің болмауы және т.б. себептері бар.
Алайда, қатерлі ісік ауруының статистикасының өсуіне қарамастан, онкологиядан болатын өлім-жітім азайып келеді. 1991-2015 жылдар аралығында бұл аурудан қайтыс болғандар саны 32%-ға азайды.
Қорыта айтқанда, біріншіден, қатерлі ісік адамзатқа вакциналар әзірленгенге дейін көп ғасырлар бұрын белгілі болған. Екіншіден, онкологиялық аурулармен ауыратын науқастар санының өсуі көптеген факторларға байланысты, бірақ олардың арасында вакциналар жоқ. Үшіншіден, қазіргі заманғы медицина жетілдірілуде және сырқаттанушылық статистикасының өсуіне қарамастан, бұл аурудан жазылып шыққан адамдар саны артуда.