Медициналық фейктер

Күн мен мұз қатқан тазартылған суды «тірілтпейді» және ол аурулардың 87%-ын емдемейді

Әлеуметтік желілерде тазартылған суды табиғат күшімен зарядтау арқылы «тірілтіп», оның көмегімен аурулардың 87%-ын емдеуге болатыны туралы видео тарады. Бұл өтірік.

Видеода баламалы медицинаны жақтаушы Борис Увайдовтың айтуынша, тазартылған суды қатырып, «құрылымдап», жібітіп, оны «зарядтау» үшін күннің астына қою керек. Одан әрі әсерін күшейту үшін оған кварц кристалын салып, су «бәрін жазып алуы үшін» дұға немесе мантра оқып, оны ішу қажет. Бұл еш жерде жоқ, тіпті дәріханадан да табылмайтын ең жақсы ем екен.
Тазартылған судың не екенін айтып өтейік. Ол құрамындағы еріген минералды тұздардан, органикалық заттардан және басқа да қоспалардан барынша тазарту үшін булау және конденсация арқылы жай судан алынады. Тазартылған су техникалық мақсаттар – қақ пайда болмас үшін аккумуляторға немесе үтікке құю, химиялық тәжірибелер таза болуы үшін зертханада түтіктерді жуу үшін қажет. Оны ішуге де болады, бірақ құрамында пайдалы заттар қалмағандықтан, ол адам ағзасына пайдасыз болады. Асхана, минералды немесе фильтрден өткізілген су әлдеқайда пайдалы.
Интернетте су қатып, кристалданған кезде бейорганикалық және органикалық қоспалардан тазаратыны туралы мақалалар көп. Алайда, қарапайым тұрмыстық жағдайларда мұндай тазалауды жүзеге асыру мүмкін емес екенін атап өткен жөн. Өйткені, сыйымдылыққа лас болсын, таза болсын, суды құйып, оны мұздатқышқа салсаңыз, ол ерте ме, кеш пе, барлық қоспалармен, тіпті ең зияндыларымен бірге қатып қалады. Тазартылған су болса да, еш айырмашылығы жоқ және оның ешқандай пайдасы болмайды.
Еріген суда да мұздағыдай «құрылымның» немесе «кристалдық тордың» болатынына келетін болсақ, ол ерігеннен кейін шамамен төрттен бір минуттан кейін бұзылады. Өткен ғасырдың аяғында РҒА Президиумы жанындағы жалған ғылымға және ғылыми зерттеулердің бұрмалануына қарсы күрес жөніндегі комиссияның төрағасы Эдуард Кругляков «құрылымдалған» судың денсаулыққа пайдасы туралы барлық мәлімдемелерді жоққа шығарды. Сондай-ақ ол арнайы құрылғының көмегімен құрылымдалған сумен «емделу фактілерін» әшкереледі.
Мұндай сиқырлы судың бар екендігі туралы теория псевдоғалымдардың құзыретсіздігі немесе алаяқтық жасағаны анықталғанда ғылыми ортада талай рет жоққа шығарылған.
Ал суды күнге қойып, зарарсыздандыру – өте тиімді әдіс. Бірақ ол суды «тірілтпейді», керісінше, ультракүлгін сәулелер ондағы вирустарды, бактерияларды, паразиттерді жояды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зарарсыздандырудың бұл әдісін дизентерия көп тараған Африка елдерінде қолдануды ұсынады. Ол үшін суды мөлдір бөтелкелерге құйып, алты сағатқа, ал бұлтты күні екі күнге ашық күннің астына қояды.
Борис Увайдовтың аурулардың 87%-ы жазылады деген сөзіне келетін болсақ, бұл мәлімдеме расталмайды. Алайда, дәлелді медицинада мұндай жағдайларда кейде плацебо әсері болуы мүмкін екендігі айтылады, яғни науқас белгілі бір «маманда» осылай «емделу» көмектеседі дегенге сенеді. Дұғалар, мантралар немесе аффирмациялар да осылай әсер етеді.
Психологтардың айтуынша, аффирмациялардың әсері өзін-өзі иландырумен тең. Бірақ олардың бәрі бірдей тиімді емес. Мысалы, тәтті нан жеп, сымбатты боламын деп ойлап, салмақ тастау мүмкін емес. Оның үстіне, рационалдық ақыл-ой иесіне аффирмациялар қажет емес. Плацебоның клиникалық әсері тек ауырсыну мен фобияға ғана қатысты екенін көрсететін зерттеулер бар. Сонымен қатар, мұндай «ауырсынудың емі» таблетканың шамамен үштен біріне сәйкес келеді екен. Ал 200-ден астам зерттеуді талдау барысында плацебоның маңызды емдік әсері жоқ екені анықталды, бірақ адам өзін жақсы сезінгендей болады.
Видеода айтылған кварц та тиімді, бірақ оны суды өткізу үшін ұсақ фильтр түрінде пайдалану керек. Мұндай фильтрлер 20-40 микронға дейінгі (адам шашынан шамамен 2-2,5 есе жіңішке) кір мен қоқысты ұстап қалады. Кварц құмының суға қандай да бір әсері болатыны (оны зарядтайды, құрылымдайды немесе «тірілтеді»і) туралы ғылыми дәлелдер жоқ.
Қорыта айтқанда, Борис Увайдов өз тәжірибесінде плацебо әсерін қолданатын дәстүрлі емес медицина өкілі. Ол ұсынған «тірі судың» емдік қасиеті немесе теріс әсері жоқ және сиқырлы құрал болып табылмайды. Ауруларды емдемейді. Сонымен қатар, адам ауырмағанда немесе ауырып, дәстүрлі медицинаның барлық мүмкіндіктерін қолданған жағдайда ғана зиян тигізбейді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button