Медициналық фейктер

Фейк: «Жылы сумен қант диабетін, артериялық гипертензияны және обырды емдеуге болады»

Қазақстандықтар жылы сумен емдеу терапиясы туралы роликпен бөлісуде. Бұл керемет әдіс ондаған ауруды, соның ішінде қант диабетін, астманы және қатерлі ісікті жояды екен. Бұл жалған.

Екі минуттық видеода кадр сыртындағы дауыс күн сайын аш қарынға 2 стакан жылы су ішуге кеңес береді. Одан әрі, 30 күн ішінде жылы сумен емдеу терапиясы қант диабетінен арылуға көмектесетінін айтады.
Әрине, су ағзаның жұмысында өте маңызды рөл атқарады, бірақ онымен қант диабетін емдеу мүмкін емес.
Қант диабеті – ұйқы безі жеткілікті мөлшерде инсулин өндіре алмағанда немесе ағза шығарылған инсулинді тиімді пайдалана алмайтын жағдайларда дамитын созылмалы ауру. Инсулиннің өзі – қандағы қант деңгейін реттейтін гормон және оның өндірісі тамақпен бірге ағзаға түсетін глюкозаға байланысты.

Кәдімгі жылы су бұл процестерге әсер етпейді. Қант диабетімен ауыратын науқастарға жеткілікті ылғалдандыру қажет болса да, дәрі-дәрмекпен емдеу, артық салмақтың болмауы, дұрыс тамақтану және темекі шегуден арылу диабетпен күресуге көмектеседі.
Бұдан басқа, бұл «жылы су терапиясы» тәбеттің болмауы, асқазан, құлақ, тамақ және мұрын проблемаларын шешеді деп айтылады. Авторлар көптеген белгілерді атап өтіп, нақты қандай проблемалар мен аурулар екенін нақтыламайды. Орган ауруларының себептері әртүрлі болуы мүмкін екенін ескеру қажет. Мысалы, тамақ аурулары вирустық немесе бактериялық инфекцияға, зеңге, аллергендерге, жарақаттарға және т.б. байланысты пайда болуы мүмкін. Бұл жағдайда 10 немесе 30 күннің ішінде екі стакан жылы су ішіп, емделе алмайсыз.
Аталған ондаған аурудың ішінде, дәстүрлі емес медицинаны қолдаушылардың пікірінше, жылы су қатерлі ісіктің де барлық түрін де емдейді. Видеода су онкологияны 9 айда емдеп жазады делінген. Әрине, бұл өтірік.
«Қатерлі ісік, қарапайым тілмен айтқанда, жасуша мутациясының ауруы, онда жасушалар бақылаусыз бөлініп, өсе бастайды. Яғни мутацияланған, ісік жасушасының циклі бұзылады. Қатерлі ісіктің пайда болу теориясы көп. Бұл эмбриональды ісік болуы мүмкін, онда эмбрион салу деңгейінде қандай да бір бұзылулар болған. Бұл қандай да бір инфекциялар аясындағы генетикалық мутация да болуы ықтимал. Егде жастағы адамда бұл ағзаның қартаюына байланысты болуы мүмкін, өйткені жасушалардың қартаюы олардың өзгеруіне әкеледі», — деп түсіндірді профессор, медицина ғылымдарының кандидаты Найля Кабилдина.

Көп жылғы фейк: «Қатерлі ісік – ас содасымен емделетін саңырауқұлақ инфекциясы»

Жасушалар мутациясын жылы сумен тоқтату мүмкін емес. Бүгінгі таңда онкологияны емдеудің бірнеше жолы бар: хирургиялық әдіс, химиотерпия, сәулелік терапия, иммунотерапия, мақсатты терапия және гормондық терапия.
Дәрігерлер дәстүрлі емес емдеу әдістерін қолдана отырып, пациенттер уақыт жоғалтып, ауруды өршітіп жіберуі мүмкін екенін еске салады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button