Конспирология: «Танымал сағыздың қаптамасында тегіс Жер көрсетілген»
Instagram-да ерекше теория талқылануда. Пайдаланушылардың айтуынша, Orbit сағызының қаптамасында тегіс Жер мен оның үстіндегі күмбез бейнеленген. Бұл теорияға негіз бар ма? Анықтайық.
Orbit сағызының логотипі 1899 жылы жасалған. Сағызды сол кезде де, қазір де Wrigley ‘ s компаниясы шығарған.
Бірінші логотипте Orbit сөзі қою қара түспен жазылған. Ол 1944 жылға дейін қолданылып, аздап өзгертілген. Ауқымды ребрендинг және бізге таныс логотип 1976 жылы ғана пайда болды. Ол кезде логотиптегі Orbit сөзі сағыздың балғындығы мен оның құрамындағы қанттың жоқтығын көрсету үшін көкшіл түстермен жазылған. Бұл ретте O, r және b әріптері екі бөліктен тұратындай жазылды.
Сағыздың атауындағы O әрпі жазылған шеңбер 2014 жылы қосылды. Бұл тегіс Жер мен оның үстіндегі күмбезді бейнелеу үшін емес, жақын арада нарыққа жаңа өнімді шығару үшін жасалды. Мәселе мынада, 2015 жылы Ұлыбританияда және 2019 жылы Германияда Wrigley ‘ s компаниясы шығарған Extra деп аталатын жаңа сағыз ұсынылды. Сатып алушылар жаңа өнімді танымал өніммен байланыстыруы үшін Orbit логотипіне O әрпін қоршап тұрған шеңбер қосылған.
Қазіргі қаптамаларда басылып шығарылатын жаңартылған Orbit логотипінде бұл шеңбер әлі де бар, бірақ ол тегіс немесе шар тәрізді, не болмаса күмбезі бар Жерге ұқсамайды.
Сағыздың ресми веб-сайтында қаптаманың барлық түрімен танысып, бұған көз жеткізуге болады.
Демек, Orbit сағызының қаптамасында жалпақ Жердің салынғандығы туралы теория – конспирология.