Қазақстанда қашықтықтан оқытуды 2021-22 оқу жылына ұзарту туралы шешім қабылданған жоқ
Желіде Қазақстанда қашықтықтан оқыту форматы 2021-22 оқу жылына ұзартылады деген қауесет тарауда. Білім және ғылым министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Хабарлама авторының айтуынша, қашықтықтан оқытуды ұзарту туралы «жаңалықты» мектепте жұмыс істейтін таныс мұғалімдері хабарлаған. Оның сөзіне қарағанда, оқушылар 2021 жылдың қараша айында ғана мектепке орала алады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Биыл бірінші тоқсан 5 қарашада аяқталады. Санитарлық дәрігерлердің талаптары бойынша карантиндік шектеулер жағдайында оқушылар негізінен қашықтықтан білім алуда», – деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінен.
Ата-аналардың өтінішін ескере отырып, мектептерде мектепалды және 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Бір сыныпта – 15 оқушыдан артық болмауы керек.
«Екінші тоқсанға келсек: біз Денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күтеміз. Бас санитарлық дәрігер тиісті қаулы қабылдайды. Денсаулық сақтау министрлігінен ақпарат алған кезде барлық ата-аналар мен оқушыларды дереу хабардар етіледі», – деп түсіндірді ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
Хабарламада атап өтілгендей, карантиндік шектеулер жағдайында барлық нысандардың жұмыс форматы туралы шешімді Бас санитарлық дәрігер қабылдайды. Мектептердің, кинотеатрлардың, сауда, спорт орталықтарының жұмыс жағдайлары санитарлық дәрігерлердің шешімі мен эпидемиологиялық жағдайға байланысты.
Ведомство тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды және жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.