Fake News

Манипуляция: «Pfizer директоры вакцинаның тиімділігіне көңілі толмайтынын айтты»

Әлеуметтік желілерде қолданушылар Pfizer компаниясының бас директоры Альберт Бурла өз компаниясы шығарған COVID-19 қарсы вакцинаның тиімділігіне көңілі толмайтынын мәлімдегені жайлы ақпарат таратуда. Бұл жалған.


Желі қолданушылары жаппай таратып жатқан дәйексөз контекстен үзіп алынған. Альберт Бурла вакцинаның тиімділігі туралы 10 қаңтарда Yahoo Finance-қа берген сұхбатында айтқан болатын. Бұл вирустың омикрон нұсқасына қатысты болды.
– Вакцинаның екі дозасы өте төмен қорғаныс деңгейін қамтамасыз ететінін білеміз. Үш доза, бустермен бірге, ауруханаға жатқызу мен өлімнен жақсы қорғайды. Менің ойымша, өлім жағдайын болдырмауда тиімді, ал ауру жұқтырудан аса қорғамайды», – деді ол.
Альберт Бурланың бұл сөздері омикрон нұсқасына ғана қатысты болды. SARS-CoV-2 вирусының басқа белгілі нұсқаларына қарсы вакциналар әлі де болса жоғары тиімділік көрсетуде.
Сол күні, 10 қаңтарда Альберт Бурла CNBC-де сөз сөйлеп, «үшінші дозасын алған жағдайда, қазіргі вакциналар аурудың ауыр ағымынан, ауруханаға жатқызудан және өлімнен жеткілікті қорғаныс деңгейін қамтамасыз етеді» деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, ол Pfizer компаниясының омикрон нұсқасымен күресуге бағытталған нақты вакцина жасау бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді. Оны биыл наурыз айыына қарай әзірлеу көзделген.
Осылайша, Альберт Бурла вакцинаның тиімділігіне көңілі толмайтынын айтқаны туралы хабарламалар манипуляция болып табылады. Шын мәнінде, ол омикрон нұсқасынан қорғау және оны қамтамасыз ету үшін ревакцинациядан өту керек екені жайлы айтты.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button