Фейк: «ХҒС видеолары іс жүзінде су астында түсіріледі»
Қазақстандықтар Халықаралық ғарыш станциясында түсірілген видеолар іс жүзінде су астында түсіріліп, компьютерлік графиканың көмегімен монтаждалады деп жазуда. Бұған дәлел ретінде су астында жабдықты жөндеп жатқан астронавттардың және компьютерлік графика қолданылғанын білдіретін кедергілері бар видео тарады. Бұған сенуге бола ма? Анықтайық.
Ғарышқа ұшу – бұл қойылым деген теорияны дәлелдейтін видеодағы алғашқы кадрлар контекстен үзіп алынған. Скафандр киген ғарышкерлер су астында жабдықты жөндеп жатқан видео түпнұсқа, бірақ ол арқылы ғарышқа ешкім ұшпаған дегенді дәлелдеуге тырыспаған. Кадрлар 1970 жылдары Халықаралық ғарыш станциясы ұшырылғанға дейін түсірілген. Толық киім киіп, судың астында жаттығу жасау ғарышкерлерді ХҒС-та жұмыс істеуге, соның ішінде ғарышқа шығуға дайындаудың бір бөлігі болды.
Одан әрі роликте ХҒС видеолары хромакей аясында әртүрлі сымарқандар мен арнайы эффектілерді қолдана отырып түсірілетіні көрсетілген кадрлар келтірілген. Оның бәрін NASA-дағылар жоққа шығарды.
«Реквизиттер, жасыл экран, сымарқандар немесе имитацияланған су астындағы нысандар ғарыш станциясының нақты уақыттағы жұмысын ешқашан алмастыра алмайды», – деді NASA орталығының Хьюстондағы өкілі Сандра Джонс Associated Press порталына.
Халықаралық ғарыш станциясының бар екені және Жер орбитасына жақын орналасқандығын өздеріңіз көре аласыздар. ХҒС – түнгі аспанындағы Солтүстік жартышардың үшінші ең жарқын нысаны. Станция жолаушылар лайнерлерінен әлдеқайда жоғары орналасқан жарқыраған ұшып келе жатқан ұшаққа ұқсайды. ХҒС-тың аспанда орналасқан жерін NASA сайтында жарияланған арнайы интерактивті картаның көмегімен бақылауға болады.
ХҒС-тан қосылған тікелей эфирлерді, зымыран мен NASA станцияларын ұшыруды да ұйымның ресми сайтынан көруге болады. Сондай-ақ зымырандарды ұшыру трансляциялары «Роскосмос» ресми порталында көрсетіледі.
Яғни, таралған видеоға сенбеген жөн. Халықаралық ғарыш станциясы Ғарышта орналасқан, ал бұл олай емес деп дәлелдеу әрекеттерінің барлығы манипуляция немесе бұрмалау болып табылады.