Telegram чаттарда қазақстандықтарға жалған вакцинация паспорттары сатылады
Танымал Telegram-арнаға қатысушылар қазақстандықтарға жалған вакцинация паспорттарын ұсынуда. Бұл қылмыс және заңмен қудаланады.
Жалған құжат сатып алу үшін пайдаланушылар қызмет жеткізушілерімен жеке байланысқа шығуы тиіс. Вакцинация паспортының бағасы мен оны жасау туралы мәліметтер жеке хат алмасуда айтылады.
Мұндай әрекеттер заңсыз болып табылады. Ағымдағы жылдың шілде айының басында еліміздің бірнеше өңірінде вакцинация паспорттарын жасаған дәрігерлер ұсталды. Бұған дейін бірнеше күн бұрын Қазақстанда ПТР-тестілеу нәтижелері мен вакцинация паспорттарын қолдан жасау фактісі бойынша 27 қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарланған болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалған құжат сатқандарды жауапкершілікке тартуға шақырды.
Қазіргі уақытта полиция жалған ПТР тест нәтижелерін және вакцинация паспорттарын анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
– Ішкі істер органдары жалған ПТР-анықтамалар мен вакцинация паспорттарын сату фактілерін анықтау бойынша түрлі жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Полиция қызметкерлері медицина орталықтарын, емханаларды, вакцина алу пункттерін тексеруді жалғастыруда. ІІМ жалған құжат дайындағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады, – деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Вакцинация паспорттарын қолдан жасағаны үшін оларды әзірлеген адамдар ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, сонымен қатар, оның иелеріне аса қауіпті ауруды жұқтыруына әкелуі мүмкін. Құжаттарды сатып алған, бірақ вакцина алмаған адамдар реанимацияға түскен жағдайлар бар. Бұл туралы хабарланған болатын.
Қазақстанда қолданылып жүрген COVID-19 қарсы вакциналар тиімді және қауіпсіз. Мұны клиникалық зерттеулердің нәтижелері растайды.
Вакцинация деңгейі жоғары елдерде ауруханаға жатқызу және COVID-19 салдарынан қайтыс болғандар санының күрт төмендегені байқалады. Мысалы, шілде айының басында халықтың 68% екпе салдырған Канадада ауруханаға жатқызу және өлім-жітім көрсеткіші күрт төмендеуде. Ұлыбританияда шілде айының басында азаматтардың 65,67% егілді. КВИ-дан болған өлім деңгейі 15,24%-дан 2,67%-ға дейін азайды.
Баршаңызды заңды бұзбауға, арандатушылық хабарламаларға және қастандық теорияларына сенбеуге шақырамыз. COVID-19 қарсы вакциналар қауіпсіз, олардың тиімділігі дәлелденген және індет жұқтыру жағдайлары мен аурудың асқыну қаупін едәуір төмендетеді. Вакцинация паспорттарын қолдан жасау заңға қайшы.