Фейк: «Желіде БҰҰ-ның құпия мұрағаттарынан алынған нақты әлем картасы тарады»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттарда пайдаланушылар ерекше әлемнің картасын таратуда, онда жоқ материктер мен елдер, аспан күмбезі және планетаның кіреберісі бейнеленген. Пайдаланушылардың пікірінше, бұл шын карта және бұған дейін ол БҰҰ-ның құпия мұрағатында сақталып келген. Бұл рас па? Анықтайық.
Қазнетте тараған карта алғаш рет Jesus Christus unser Fliegenpilzmessias die Wahrheit неміс Telegram арнасында жарияланды. Бұл әртүрлі қастандық теорияларына арналған канал. Карта 2022 жылдың тамызында шыққан.
Онда Асгард, Лемурия және Атлантида сияқты материктер мен елдер бейнеленгендіктен пайдаланушылар оған бірден назар аударды. Антарктиданың ортасында Жердің «кіреберісі», ал картаның шеттерінде аспан күмбезі, Ай және көздің алмасына ұқсас нәрсе көрсетілген.
Бұл картаның авторы – оны алғаш рет жариялаған Telegram каналды ашқан адам, оның әкімшісі. Бұл туралы картаны жариялағанға дейін бір күн бұрын өзі жазған. «Карта аяқталып қалды, оны кейін каналға саламын, алдымен аспан дискісіз, кейін дайын болған кезде аспан дискісімен, сондай-ақ күн дискісімен орналастырамын. Оны аяқтауға біраз уақыт керек», – делінген хабарламада.
Бірер уақыттан кейін каналда жоғары ажыратымдылықтағы карта шығады.
Атлантида мен Лемурия – бар екендігі дәлелденбеген материктер. Атлантида туралы өз «диалогтарында» Платон айтқан. Ол туралы басқа еш жерде ақпарат жоқ, ал ғалымдар әлі күнге дейін оның бар екендігіне дәлел таба алмай отыр. Лемурия – бұл ғалымдар лемурлардың Мадагаскар мен Үндістаннан қоныс аудару құбылысын түсіндірген гипотетикалық материк немесе арал. Кейін ғылыми негізделген түсініктеме беріліп, суға кеткен Лемурия материгі туралы теория жоққа шығарылды.
Асгард – бұл мүлдем шын деп саналмаған мифтік орын. Скандинавия мифологиясында Асгард деп құдайлар мекендейтін жерді атайды. Яғни, бұл құдайлар тұратын ежелгі грек Олимпінің аналогы.
Олай болса, Қазнетте тараған карта суретшінің қиялының жемісі. Бұл нақты әлем картасы емес және оның БҰҰ мұрағатына ешқандай қатысы жоқ.