Конспирология: «Қазақстандық төлқұжат иелері медициналық бақылауға алынды»
Қазнет пайдаланушыларының айтуынша, қазақстандық төлқұжаттарда «медициналық бақылауда» дегенді білдіретін Observations деген жазу бар. Сондай-ақ хабарламада ҚР Ұлттық банкі – бұл концлагерь, ал мемлекет – колония делінген. Мұның бәрі өтірік және конспирология.
Рет-ретімен түсіндіріп өтейік. Қазақстан азаматтарының төлқұжаттарында «МӘЛІМЕТ/OBSERVATIONS» деп жазылған. Қазақ тіліндегі жазуды оқып-ақ, онда медициналық бақылау туралы емес, төлқұжат иесі туралы немесе қосымша ақпарат ұсынылғанын түсінуге болады.
OBSERVATIONS бағаны тек ҚР азаматтарының паспорттарында ғана емес, басқа елдердің құжаттарында да бар. Бұл төлқұжат иесі туралы қосымша мәліметтерді жазу үшін қажет, мысалы, мұрагерлік титулы, ерекше мәртебесі, белгілі бір елдерге кіруге тыйым салу, ерекше назар аударуды қажет ететін сирек кездесетін медициналық жағдайлар және басқалары.
Демек, паспортта осындай жазудың болуы оның иесінің медициналық бақылауда екенін білдірмейді.
Сондай-ақ хабарламада Ұлттық банк концлагерь деп жазылған. UPIK жүйесінде осылай жазылған екен. Бұл іс жүзінде іскер серіктестерді оңай және жылдам табуға арналған жүйе. Біріншіден, жеке фирма ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік мекеме және тұтас бір ел серіктес бола алады, сондықтан олардың мәліметтер базасында болуы таңқаларлық емес. Екіншіден, жүйеде кез келген, тіпті жұмыс істемейтін компанияны да тіркеуге болады. Мәселен, UPIK базасында бірнеше Ресей, Нигерия, тіпті ойдан шығарылған Нибиру планетасы бар.
UPIK тізілімін өз теорияларын «растау» үшін Англия королі бастаған дүниежүзілік қастандыққа және КСРО-ның әлі күнге дейін жасырын түрде бар екеніне сенетін тірі адамдар-суверендер қозғалысын жақтаушылар пайдаланады. Қазақстанға бұл идеялар Ресейден келіп, танымал бола бастады.
Шын мәнінде, UPIK тізілімі қандай да бір мемлекеттің болу заңдылығына ешқандай дау айтпайды және белгілі бір елдің егемендігін тексерудің сенімді әдісі болып табылмайды.
Сондай-ақ, постта «АҚШ-пен ҚР қосарланған салық салу туралы шарт» жөнінде айтылады. Мұндай құжат бар және «1993 жылғы 24 қазанда Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау және кірістер мен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық салудан жалтарудың алдын алу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заң деп аталады….». Заңда Қазақстанның тәуелсіздігіне дау туғызатын немесе еліміздің болуының заңсыз екенін меңзейтін ештеңе жоқ. Сонымен қатар, 2023 жылға қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтарудың алдын алу мәселелерін реттейтін халықаралық шарт күшіне енген 43 елдің тізімі бекітілді. Бұл құпия емес және ешқандай қастандық теориялары бұл тізімнің болуын жоққа шығармайды.
Жарияланымда аталған Картахен хаттамасы қазірдің өзінде қастандық теориясының объектісіне айналды. Конспирологтар бұл құжат вакцинацияланған адамдарға тәжірибе жасауға мүмкіндік береді деп жазды. Іс жүзінде хаттамада мұндай нормалар жоқ, сондай-ақ адамдардың ерікті ақпараттандырылған келісімінсіз оларға қатысты тәжірибелер Қазақстанда да, әлемнің басқа елдерінде де заңсыз болып табылады.
Демек, постта айтылғандардың бәрі өтірік және конспирология. Таралған мәтінге сенудің қажеті жоқ.